Отырар аудандық білім бөлімі мен Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының бірлескен жұмыс жоспары бойынша С.Ерубаев атындағы шағын жинақты жалпы орта мектепте шағын жинақты мектеп педагогтерімен аймақтық тәжірибе алмасу семинары өтті.
Тәжірибе алмасу семинарын әдістемелік кабинет меңгерушісі Д.Ембай ашып берді. Аталған іс-шарада мұғалімдер, атап айтар болсақ: А.Сыздықова, М.Жұматай, М.Жүнісова, Қ.Ешова мен Ш.Оразбековтер ашық сабақ өтсе, Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп- интернатының ұстаздары Г.Түсіпбекова, А.Адилбекова, Г.Самбетова, Б.Сүлейсенова, Е.Балкибаев өз тәжірибелерімен бөлісті.
Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп- интернатының ғылыми істер жөніндегі орынбасары А.Миндетбаева “Педагог” кәсіптік стандарты бойынша баяндама жасады. Семинарды әдістемелік кабинет әдіскері Р.Есенәлі қорытындылап, мектеп директоры Г.Серимова мен мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Т.Дайрабаев тәжірибесімен бөлісуге келген ұстаздарға алғыс айтып, сәттілік тіледі. Шағын жинақты мектептерден келген қатысушылар сабақта өздеріне қажетті біраз құны дүниелер алғандығын айтты. Семинар соңы оқушылардың алдын ала дайындаған концертіне ұласты.
Айта кетейік, бүгінде Отырар ауданында бірнеше ауылда мектеп салу жоспарланса, аудан орталығында бір жайлы мектеп бой көтеруде. Ал, жалпы облыста қазіргі таңда 1029 мектепте (мемлекеттік – 908, жеке – 121), 519 мың оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылында 53 222 бала 1-сыныпқа барды, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Мектептерде 35 мың орынға тапшылық бар. 4 апатты, 5 үш ауысымды және 11 үш ауысымға өту қаупі бар мектептер жұмыс істеп тұр. Сала мамандары бұл проблемаларды шешу үшін 4 бағытта жұмыс жүргізуде. Айталық, біріншіден, өңірімізде бюджет есебінен 34 мектептің құрылысы қолға алынып отыр (жобалық қуаты – 8 250 орын). Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Екіншіден, Президентіміздің бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 9 мектептің құрылысы жүргізілуде (жобалық қуаты – 6 650 орын). Үшіншіден, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады деп жоспарланған (жобалық қуаты – 49 мың орын). Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, олар келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру көзделген. Төртіншіден, жеке инвестиция есебінен 17 мектеп салынды (жобалық қуаты – 5 000 орын).
Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алғашқы 15 педагог Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» атты тақырыпта өтетін шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелдерде тәжірибе алмасу семинарларына қатысатын болады.



