Отырар ауданында орналасқан М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің ардагер-ұстазы Әбдіжаппар Мамыраймовтың ұл-қыздарының демеушілігімен бастауыш сынып кабинетінің ашылуы өтті.
Іс-шараның мақсаты «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оқушыларға кедергісіз білім беру, жайлы орта құру, талғамға сай кабинет жабдықтау, өскелен ұрпаққа тәлім-тәрбие беру болды. Сонымен қатар, сынып кабинетін заманауи үлгіде шкафтар, парталар, көрнекіліктермен жабдықтап, гүлдермен толықтыруға да көңіл бөлінді. Ауыл ардагерлері, зейнеткер ұстаздар арнайы шақырылған салтанатты жиын барысында Отырар ауданының құрметті азаматы, ауылдың ақылгөй қариясы Оңал Тоқбергенов және Сәбит Әбдіжаппарұлы кабинет лентасын қиды. Жаңа кабинеттің кілті кабинет меңгерушісі Айжан Төлепбергеноваға табысталды.
Кеш барысында Әбдіжаппар Мамыраймовтың ұл-қыздарына алғыс айтып, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Тынымбаеваның атынан алғыс хаттабысталды.
Шара барысында оқушылардан құралған хор ұжымының орындауымен «Қазақстан — қыран далам» әні шырқалды. «Ақжарқын» би тобы «Тұран дала ұрпағы» биіне мың бұрала биледі. Ардагер-ұстаздың өмірбаяны туралы бейнетаспа көрсетілді.
Салтанатты жиын соңында мектеп директоры А.Сыздықәлі демеушілерге ізгі ниетін білдіріп, болашақ ұрпағымыздың сапалы білім алуына жасалған игі іске оң бағасын берді. Сонымен қоса, Әбдіжаппар Мамыраймовтың отбасына алғыс хаттар табыстады. Кәсіподақ атынан сый-сияпат тапсырылды. Кеш әсерлі өтті.
Айта кетейік, бүгінде Отырар ауданында бірнеше ауылда мектеп салу жоспарланса, аудан орталығында бір жайлы мектеп бой көтеруде. Ал, Түркістан облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектептің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған. Білім ұяларының жобалық қуаттылығы – 49 000 орын. Биыл өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 29 мектеп, ал келер жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.