Бұл бойынша қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен апталық жиында баяндалды. Алдымен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков бөлімге қарасты білім нысандарының жай-күйі туралы баяндама жасады.
Кентау қалалық білім бөлімі 2023-2024 оқу жылын 27 мектеп, 32 мектепке дейінгі мекеме, 3 мектептен тыс мекемемен бастады. Жылдың соңына қарай 1 жекеменшік мектеп қосылып, жалпы саны 28 мектеп болды.
Білім бөліміне қарасты 23 мемлекеттік 5 жекеменшік мектепте 21 631 оқушы білім алуда. Мемлекеттік мектептің 23-і типтік үлгідегі ғимаратта орналасқан.
Орталықтандырылған жылу жүйесіне – 26 мекеме, яғни 13 мектеп, 10 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме қосылса, 14 мекеме шағын қазандықпен, яғни 10 мектеп, 4 балабақша автономды түрде жылытылады.
Екінші болып баяндама жасаған қала әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Әшім Елеусізов білім саласына қарасты нысандардағы орын алған кемшіліктер бойынша айтып өтті.
Қала әкімі қалалық білім беру бөлім басшысына аталған кемшіліктердің барлығын назарға алып, тиісті шаралар атқаруды тапсырды.
Қала аумағындағы тұрғын үйлердің орталықтандырылған табиғи газ жүйесіне қосылу барысы туралы «қалалық газ қызметі» КММ директоры А.Әміртаев мәлімет берді.
— Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету 3 кезеңге бойынша жүріп жатыр. Қазіргі таңда, I II III кезеңдер толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілуде. Қала аумағындағы тұрғын үйлерді газ жүйесіне қосылу жұмыстарын жүргізу мақсатында жылдық жоспары бекітіліп, ағымдағы жылдың соңына дейін 93%-ға жеткізу жоспарлануда, — деді мекеме басшысы.
Қазіргі таңда қала аумағындағы жалпы 18062 абоненттің 9842, яғни 54,5 пайызы табиғи газды тұтынып отыр.
Кентау қалалық мансап орталығының директоры Жансерік Кайдаулов «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Әр баяндамашыны мұқият тыңдаған қала басшысы жұмыссыз және кәсібін жаңадан бастаған жастарды мемлекеттен берілетін қолдауларға белсенді қатыстыру бойынша насихат жұмысын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, жиналыста берілген тапсырмалар бақылауға алынатынын ескертті.



