Бүгін Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өткен соңғы қоңырау кешіне қатысты. Білім ордасының ұстаздарын алғыс білдіріп, оқушылар мен олардың ата-аналарын құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барлық кентаулық жас түлектерге жылы лебізін білдірді.
– Соңғы қоңыраудың соғылуы балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам жасаған маңызды шақтың уақыты келгенін білдіреді. Көпшілігің болашаққа жоспар құрып, мақсаттарыңды айқындап та қойған боларсыздар. Сол асыл мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін. Сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың және аялап өсірген ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосады деп сенемін, – деген қала әкімі бірқатар ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Алғыс хатпен» марапаттады.
Шара барысында мектеп бітіруші түлектер мектеп вальсін орындап, әсем әуендерін шырқады. Салтанатты жиында «Алтын белгі» үміткері, Назарбаев университетіне шақырту алған Серік Қуаныш пен бастауыш сынып оқушысы Талшын Маккамбай соңғы қоңырауды соқты.
Аталған мектептің 20 жыл бұрынғы түлектері мектепке спорт алаңшасын тарту етіп, сондай-ақ білім ордасының ішіне рәміздео алаңын жасап берген.
Игі шараға қала әкімі арнайы қатысып, түлектердің қаланың гүлденуі үшін қосқан үлестеріне алғысын білдірді. Сонымен қатар, бұл бастамалардың келешек ұрпаққа үлгі болар іс екенін де атап өтті.
Жалпы, Кентау қаласында 741 оқушы мектеп бітіреді. Оның 677-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға ниет білдіріп отыр. Оқушылар арасында 45 оқушы «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.