Сарыағаш ауданында биыл 3296 оқушы мектеп бітірді. Олардың 2670 Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отыр. Оның ішінде «Алтын белгіге» – 172 оқушы , «Үздік аттестатқа» – 242 оқушы үміткер.
Бүгін Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты №78 мектепте және №10 Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия интернатында да соңғы қоңырау рәсімі ұйымдастырылды. «Мектебім саған мың алғыс» атты тақырыппен ұйымдастырылған жиынға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатов, ардегер ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Салтанатты шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін аудан әкімі оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.
Шара барысында Арман Айдарұлы биылғы оқу жылында ғылыми жарыстарға, спорттық шараларға, сондай-ақ, халықаралық конференцияларға қатысқан ұстаздар мен оқушыларға дипломдар мен Алғыс хаттар тапсырды.
Жиында түлектер ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндерін жолдады. Ал мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары мектеп басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақ тілегін жолдады.