Білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындаудың «Әңгімелесу» кезеңі тікелей эфирде өтті. Ашықтық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қолға алған бастама өз нәтижесін беруде. Қатысушылар мен оқырмандар арасында түсінбеушілік жойылып, конкурс ашық түрде қорытындыланды. 4 сағатқа жуық өткен конкурсты әлеуметтік желіде тамашалаған оқырмандар қатары жағымды пікір қалдырып, әріптестеріне сәттілік тілеген. Бірде-бір жағымсыз пікір жазылмаған эфир көптің көңілінен шығып, сеніміне кірген.
Бұл жолғы әңгімелесу кезеңінде 26 білім беру мекемесіне 29 үміткер қатысты. Онда білім саласына қатысты түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап берді. Конкурстық комиссия жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін бір бақылаушы алдын ала өтініш жазып, конкурсты бастан-аяқ қалай өткенін бақылады.
Ашық форматтағы конкурстың қорытынды кезеңінде комиссия төрағасы сайланбалы түрде, яғни әр отырыста дауыс беру арқылы комиссия төрағасы тағайындалады. Комиссия мүшесі дауыс беру арқылы басымдықпен Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Саттарұлын осы конкурстың төрағасы етіп таңдады. Бұл да тікелей эфирде жүргізілді. Ал комиссия мүшелері сыбайластық тәуекелдердің алдын алу мақсатында конкурстық комиссияның құрамына ұдайы өзгерістер енгізіліп отырады. Олардың қатарында Түркістан облысысының облыстық мәслихат депутаты, телеарна директоры, профессорлар, мәдениет қайраткерлері, ата-аналар ассоциациясының төрағасы, заңгер, білім саласына қарасты орталық басшылары мен қоғам белсенділері бар. Комиссия ашық дауыс беру тәртібімен дербес шешім қабылдайды. Нәтижесінде 8 білім беру мекемесіне бірінші басшы оң нәтиже алды.
Айта кетейік, конкурстың әңгімелесу кезеңі әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілім арқылы жарияланады. Бұл жөнінде алдымен үміткерлерден келісім алынады және әлеуметік желіде видео өшірілмей сақталып тұрады. Конкурстық комисия жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін ҚР 18 жасқа толған кез келген азаматы бақылаушы бола алады. Ол үшін әңгімелесу басталғанға дейін екі сағаттан кешіктірмей қызметкерлерді басқару қызметіне (кадр қызметіне) хабардар етуі қажет.