Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны – 400 млн теңге. Аталған кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов тұрғындарды құттықтап, балаларға жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.
– Жазғы демалыста осы лагерьдің іске қосылғаны біз үшін де, балаларымыз үшін де қуанышты жағдай. Енді балаларымыз жазғы уақыттарын ата-анасынан жырақта емес, жақын маңайдағы табиғаты керемет лагерьде демалатын болады. Демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік болады. Осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов.
«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Жалпы аумағы 20 гектарды құрайтын лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлауда.
Айта кетейік, облыста жазғы маусымда барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, спорттық ойындар мен жарыстар, спарткиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылып, жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында тарихи орындар – Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек қалалары мен аудандардың мұражайына бару және туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырып, оған 41 000 оқушы барады деп күтілуде.
Жалпы осы аталған іс-шаралар барысында мониторинг жасап, жұмыстарды бақылауға алу мақсатында барлық құқық қорғау мен құзырлы сала өкілдерінен облыста жұмыс штаб құрылды.