Соңғы уақыттары әлеуметтік желі кеңістігінде «сүлейменшілер» діни ағымына қатысты бірқатар ақпараттар таралып, қоғам ішінде қызу талқыға түсуде.
Сонымен, «сүлейменшілер» кім болды және олардың мақсаты қандай деген сұрақ туындары сөзсіз.
«Сүлейменшілер» жамағаты Сүлеймен Хилми Тунахан (1888-1959) атымен аталады. Сүлеймен Стамбұлда білім алды, халыққа Құран үйретуді және имандылыққа шақыруды мақсат тұтады.
Сүлеймен Хилми Тунаханның жолын ұстанушылар сенім-наным жағынан имам Матуриди тармағын, мәзһабта Әбу Ханифа жолын, тариқатта Нақышбанди бағытын («халидия» тармағын) ұстанады.
1959 жылы Сүлеймен Хилми Тунахан дүниеден өткеннен кейін оның жолын шәкірттері жалғастырып, олар «сүлейменшілер» деп атала бастады.
Сүлейменшілер жамағаты қайырымдылықты бүркемеленіп жабық медресе жүйесі негізінде пансионаттар арқылы әрекет етеді. Әлеуметтік тұрғыдан осал жандарға материалдық қолдау көрсетеді. Тегін тамақтандыру, жатақханадан орын беру арқылы өз қатарын толтыруда. Сектанттық бағыттағы жамағатшылдық идеологияны жақтастары арасында таратып, ресми мүфтиятқа астыртын қарсы әрекет жасап, елдің діндар қауымының ауызбіршілігін бұзады, дінді саясиландырады. Қайырымдылықты бүркемелену арқылы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды өз қатарына тартып, оларды болашақта өз мүделерін жүзеге асыру үшін саяси және бизнес элита қатарына қосылуына жағдай жасайды.
Бүгінде бұл жамағат өздерінің негізгі мақсаттары жастардың діни сауатын ашып, Құранды үйрету, сондай-ақ жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерді тегін жатақханамен қамтамасыз ету екенін айтқанымен, мұның астында коммерциялық мүдде жатқаны айқын.
Сүлейменшілер «Медресе» атын жамылып, шәкірттер арқылы қаражат жинаумен айналысады. Рамазан айы басталғанда ауылдағы ауқатты кісілерден зекет жинайды, Құрбан айт күндері белсенді түрде құрбан шалу рәсімін жүргізеді.
Сүлейменшілер діни ғибадаттарын Сүлеймен Тунаханды елестету арқылы жасайды. Жұма намазын мешіттен тыс жеке ғимараттарда да өткізе береді, бес уақыт намазды өз араларында арнайы бекітілген намаз кестесіне сай өткізеді. Бұлар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына, құжаттары мен пәтуаларына қайшы келетін мәселелер қатарына кіреді.
Сонымен қатар бұл жамағат Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасына қайшы келетін, қазақстандық патриотизм мен ұлттық идентификациядан айыратын шетелдік жат діни идеологияны астыртын түрде таратуға мүдделі. Радикал діни ойларды ашық түрде насихаттамағанымен, түбінде зайырлық қағидаттарды қолдамайды.
Айта кету керек, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуада Қазақстан аумағында мешіттен тыс орналасқан кез келген (тұрғын үй, қоғамдық орын, базар, өндіріс орны, оқу орны, т.б.) ғимараттар мен құрылыстарда жұма намазын оқуға болмайды, сондай-ақ заңмен бекітілмеген орындарда діни білім беруге, діни рәсімдерді өткізуге заң жүзінде тыйым салынады.
Жалпы бұл діни ұйым тарапынан келетін қауіптің бар екендігі және болашақ ұрпаққа тигізер зияны көп екендігін аңғаруға болады. Сол себепті, ресми діни бірлестіктерге қатысы жоқ, бірақ дінді үйретуге тырысатын күмәнді ұйымдардан аулақ болған жөн.
Ж.Өтебеков,
Байылдыр мешітінің имамы