1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сарыағаш қаласының орталық саябағында «Бақытты балалық үшін» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Шараға аудан басшысы Арман Абдуллаев арнайы қатысып, балаларды мерекесімен құттықтады.
Кең көлемді іс-шарада бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, түрлі байқаулар мен ойындарға қатысты. Балалар үшін түрлі-түсті мереке болды, мереке соңында көңілді балалар музыкасына түрлі-түсті борлармен асфальтқа сурет салды. Жеткіншектердің жайдары көңіл күйлері мен әдемі қойылымдары мерекенің ажарын кіргізіп, көрермендер мен бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, аудан бойынша ерекше 100 балаға арналып дастархан жайылды. Қайырымдылық іс-шарасы барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы балаларға жылы лебізін білдіріп, сыйлықтар табыстады.
Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында өткен шарада демеушілер тарапынан балаларға сыйлықтар беріліп, көтеріңкі көңіл сыйлады.
Шара барысында бүлдіршіндердің қуанышында шек болмады. Баланы қуанта білудің өзі бақыт. Себебі баланың қуанғанынан, оның шат күлкісінен артық ештеңе жоқ. Біз үшін балаларымыздың болашағы маңызды. Өйткені олар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын нағыз кемел ұрпақ. Сондықтан оларға сапалы білім, жақсы тәрбие беру – бізге міндет.
Одан бөлек, аудандық балалар кітапханасында «Балаларға базарлық» атты ашық есік күні өтті. Ашық есік күніне М.Әуезов, Ж.Аймауытов, №60 орта мектебінің оқырмандары және аудандық «Домалақ ана» әжелер тобы қатысты.
«Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты кітап көрмесі жасалып, шолу жүргізілді. Көрмеге қазақ балалар жазушыларының шығармалары, ақындардың өлеңдері, «Балдырған», «Ертегілер елінде», «Балапан бағы», «Ұлан» басылымдары қойылды. Әжелер тобы «Немерем», «Бір бала» әндерімен кештің сәнін келтірді. Кітапхананың тұрақты оқырманы Асан Айша үнді биін билеп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Мақсаты – кітапқа деген қызығушылықты арттыру. Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікке баулу.