Түркістан «Оқушылар сарайы» ШЖҚ МКК және Қазақстан педагогикалық ғылымдары академиясымен бірлескен «БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯЛАР: ИДЕЯДАН ІСКЕ АСЫРУҒА ДЕЙІН» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Ол Оқушылар сарайының 4 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.
Конференцияның мақсаты – бүгінгі уақыт талабына сәйкес ғылым және білім жетістіктерін қолдана алатын креативті ойлау қабілеті дамыған құзіретті тұлғаны қалыптастыру. Сондай-ақ оқушылардың зерттеу қызметін талқылау, тәжірибемен кең алмасу алаңын ұсыну, мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің зерттеу жүргізуге деген ынтасын арттыру және білім берудің өзекті мәселелерін талқылау үшін жағдай жасау.
Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемнің 190 елінде және аумағында жұмыс істейтін БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ҚАЗАҚСТАН-ЮНИСЕФ және Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті қолдау көрсетті.
Бұл конференцияға Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, п.ғ.д., академик Асқарбек Қабікенұлы, Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Литисия Баззи Вейл, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Өмірзаққызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инженерлік және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Әділханұлы және ғылым саласының өкілдері арнайы қатысты.
Конференция алдымен жалпы пленарлық отырыстан басталып, алғашқы болып сөз алған Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов қатысушыларда құттықтап, тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығына толық тоқталды.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ: «Баланы тәрбиелеудегі отбасы мен мектептің өзара әрекетінің тиімділігін арттыру үшін, біздің ойымызша, отбасына педагогикалық қолдау көрсету және білім беру мекемесі мен отбасының бірлескен әрекеті проблемаларымен шұғылданатын ғылыми-зерттеу институтын құру қажет» деген ұсыныс айтты.
Одан кейін Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Литисия Баззи Вейл сөз алып, соңғы уақытта еліміздегі балаларға білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен нәтижелерге жоғары бағасын берді.
Одан кейін пленарлық отырыс, әріқарай негізгі 5 секция бойынша жалғасты.
1. Ұлттық және отбасы құндылықтары мен мектептің тәрбиелік ортасын дамыту жолдары;
2. Білім берудегі замануи педагогикалық технологиялар;
3. Қосымша білім беру жүйесінің оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытудағы ролі;
4. Оқушыларда зерттеушілік дағдыларын арттыруда әдістемелік кабинеттер, үйірмелер, мұғалім-әдіскерлердің ролі;
5. Мұғалімнің ғылыми-әдістемелік жұмысы және білім сапасын көтеру мәселелері.
–Жаһандану кезеңінде өзгеріске түспеген ұлт кемде кем, солай бола тұра біз балаларға білім беру ошақтары ұлттық кодты сақтауға, әрі жалғастыруға түрлі жолдар қарастыруымыз керек деп білемін. Оның маңызы – ұлттың ұлт болып сақталуында, өз мәдениеті мен болмысынан айырылмауында.
Ал қазіргі оқушы – жаңа технологияны меңгерген, ақпараттық кеңістікте қиындықсыз өмір сүре алатын тұлғалар. Оларға ұлттық құндылықтар мен қасиеттерді сіңіру тікелей ата-ана мен білім беру ошақтарына міндет болып тұр, – дейді Оқушылар сарайының директоры, Индира Сарқытқызы.
Осы конференцияның аясында нақты ұсыныстар қаралып, оны жүйеге енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ конференция барысында «Оқушылар сарайының» UniSat білім беру Хабының жұмысы таныстырылды. Хабтың мақсаты — наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және шығармашылық сияқты дағдыларды жетілдіру.