Созақ ауданының орталығында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбындағы мектеп бітірушілердің салтанатты жиыны өтті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков және Созақ ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шәміл Сатыбалды қатысып, білімділер мен дарындыларды тәрбиелеп шығарған білім ордасының ұстаздарына алғыс білдіріп, жас түлектерге сәттілік тіледі.
–Міне, бүгін тағы бір оқу жылын сәтті аяқтап отырмыз. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Алдағы Ұлттық Бірыңғай тестілеуде ұстаздарыңыздың талай жылғы төккен тері мен еткен еңбегін ақтап, аудан абыройын асқақтатуға бар күш-жігерлеріңізді салады деп сенемін. Үлкен өмірге жасайтын қадамдарыңыздың алғашқы сынағынан сүрінбей өтіп, ойлаған жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілектеспін, – деді Мұхит Тұрысбеков.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында аудан мектептерінде 1-сыныпқа 1535 оқушы қабылданып, 15459 оқушы білім алды. Бүгінгі таңда 974 оқушы мектеп бітіргелі отыр. «Алтын Белгіге» 62 оқушы, «Үздік аттестатқа» 82 оқушы үміткер ретінде ұсынылып отыр. Түлектердің 931-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірді.