Биыл 25 мамырда Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толды. Аталмыш датаға орай Арыс қаласындағы білім бөлімен қарасты «Сағадат Нұрмағанбетов атындағы бастауыш мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2023-2024 оқу жылының Сағадат Нұрмағанбетовтың 100 жылдығына орай «Сағадат Нұрмағанбетов – халық үшін туылған батыр» тақырыбындағы онкүндік іс шарасының қорытынды мерекелік іс-шарасы өтті.
Мерекелік іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері кеңесінің төрағасы Кошкимбаев Ергентай Яхияұлы және Ауған соғысының ардагері Хыманов Мамырхан Төлекұлы қатысып, сөз сөйлеп, ерлік істерін еске алды.
Іс-шараның мақсаты – еліміздің батыр ұлы Сағадат Нұрмаганбетов ағамыздың еңбегі мен ерлігін оқушыларға түсіндіре отырып, оқушылардың бойына еліне туған жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Сағадат Нұрмағанбетовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада мектептің үздік оқушылары марапатталды. Шара соңында оқушылар ән шырқап, би биледі.
Айта кетейік, Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов – әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы. Ол майданға литенант болып аттанып, бүтін батальонды ерлікпен басқарған. Сол батылдығының арқасында 20 жасында Кеңес одағының батыры атанады.