Түлкібас ауданы Келте-Машат ауылында орналасқан «Отырар» жазғы сауықтыру лагеріне 8 ауысыммен 1200 оқушы қамту жоспарлануда. Бірінші ауысымға 130 оқушы демалуға келді.
Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Отырар өнер және саз» мектебінің теңгеріміндегі «Отырар» жазғы сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты өтті. Іс шараға Отырар ауданы әкімінің орынбасары А.Құлмаханов, Отырар ауданының білім бөлімінің басшысы Г.Тынымбаева және мектеп директорлары қатысты.
Биылғы жылы «Отырар» жазғы сауықтыру лагеріне облыстық мәслихаттың сессиясында қаржы қаралып, бөлінген қаржыға шатыр ауыстыру, ауыс су жүйесін жөндеу және әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, кереуеттер мен төсек орындары жаңартылған. Балаларға медициналық қызмет көрсету және оларды сауықтыру үшін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, аталған лагерге баратын оқушылардың өмір, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық полиция бөлімінен жолсерікпен қамтамасыз етіледі. Лагерьге қажетті заттар толығымен қамтамасыз етілді.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі. Жазғы демалыс балалардың бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түскен емес.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері ( 7 мемлекеттік, 15 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.
Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 350 лагерь (105 987 оқушы қамтылады) және 648 ойын алаңшасы (214 654 оқушы қамтылады) балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім беру шеңберінде тартылады.