Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл – ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Аустралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған.
Л.Н. Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды. Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғандығын, аталмыш елдердің патшаларының атағы көбіне «Көктің ұлы», «Күннің ұлы», «Аспанның перзенті» боп аталғандығын «Древние тюрки» атты еңбегінде дәлелдейді. Ғалымдар көк тәңірі туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғандығы ғылыми ақиқат.
Әлбетте, «Тәңірі сенімі», «Көк тәңірі» немесе «Тәңірлік дүниетаным» бұл – бар, қалыптасқан мәдени құндылық. Біз бұны жоққа шығара алмаймыз және мәдени құндылық ретінде құрметпен қарауымыз керек.
Ал, біздегі кейбір азаматтарымыз тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта тірілтпек. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, «дінім – ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед, қасиетті кітабым – Құран» деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек. Әлде, Құдайды да жекешелендіргілері келіп жүр ме?..
Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екендігін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды. Себебі ол күлкілі әрі надандық. Атышулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған.
Тәңіршілдікті қайта жаңғыртумен қазақ даласында онсыз да жағымсыз кейіптегі бақсы-балгерлердің санын көбейткісі келе ма, әлде, отты айналып, жауырынға қарап бал ашатын шамандықты аңсай ма? Тәңіршілдер дамыған ел, рухы биік азамат болуды қаламаса, тұқымы құруға аз қалған ханты, манси, чукчалар секілді ділі мен тілін ұмытуды көксей ме? Тәңіршілдік – бұл дін емес. Тәңіршілдік – тек наным-сенім. Наным-сенімді дінмен шатастырмайық. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. Қала берсе, әлемге әйгілі көптеген ғалымдарды шығарды. Отырар, Түркістан секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Әл-Фараби, Ахмет Яассауи, Иүгінеки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, т.б. қазақ даласынан, ұлтынан шыққан ғұлама, ірі тұлғаларды қай ұрпаққа аманат етпек.
Тарихи деректер бойынша VIII ғасырдың ортасынан бастап қазақ даласына ислам дінінің келуімен түркі халықтарының арасында бұрын-соңды болмаған өрлеу мен даму басталды. Қалалар пайда болды, кітапханалар, ауруханалар, мешіттер, базарлар салынды. Өркениет пен мәдениет қарышты қарқынмен дамыды. Философия, логика, медицина, музыка, математика, астрономия, оптика, өнер, сәулет, музыка – бұның бәрі даму ренессансын бастан өткерді. Әлемдік масшатбтағы ғылымдар мен өнерлердің негіздерін салған біздің аймақтан шыққан ғалым-мұсылмандар – Ибн Сина, Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Әл-Бируни, Ұлықбекжәне тағы басқалар болды. Моңғол шапқыншылығына дейін Қазақстан аумағында жиырма алты қала болған. Олардың арасында көптеген сауда, саяси және мәдени байланыстар болды. Оның үстіне, бүкіл аймақ «Жібек жолы » керуені арқылы әлемдік экономикалық және мәдени жүйеге енген. Өзара мәдени байыту мен алмасудың тұрақты жаһандану процесі болды, өркениет өркендеді. Мұның бәрі ұланғайыр кең дала халықтарын надандық зұлымдығы мен пұтқатабынушылық тираниясынан азат еткен Исламның арқасында мүмкін болған.
Б. Атажанов,
Қарнақ мешітінің наиб имамы