Сарыағаш ауданындағы мектептерде білім саласымен қатар спорт бағытына да ерекше назар аударылған. Елдің болашағы өскелең ұрпақпен тікелей байланысты болғандықтан, әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Соның бірі – аудандағы №75 Ж.Жабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде әлемдік додаларда аудан мерейін үстем еткен жеңімпаз оқушылар білім алады. Спорттағы дарабоздар биылғы жылы мектеп қоржынын алтын медальдармен толтырды. Айталық, мектептің 5-6 сынып оқушыларынан жасақталған былғары доп шеберлері облыстық «Ұлттық мектеп лига» жарысында 1-орынды иеленді.
Әлемдік аренада еліміздің байрағын көкте желбірткен Бағжан Отынбай мектептің бітіруші түлегі. Бұрымды боксшы 2 жылға жуық спортпен шынығып, аз уақыттың ішінде 2 дүркін Азия чемпионы атанып үлгерген.
Ұлбосын Адилова – халықаралық деңгейдегі байрақты спорт жарыстарында жеңімпаз болып, 3 дүркін Азия чемпионы атанды.
Мектепте ұлттық спорт түріне де мейлінше көңіл бөлініп, оқушылары жеңістен құр алақан қалмады. Мектептің 11-сынып оқушысы Сүлеймен Тұрдықұлов аударыспақтан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы атанды.
Білім ошағынан түлеп ұшқан бірқатар шәкірттер спорттың гір тасын көтеру, дзюдо, ат үстіндегі аударыспақ, шахмат түрлерінен Қазақстанның, Азияның бірнеше дүркін чемпионы атанған. Терең танымымен, тынымсыз тірлігімен тың серпіліс танытып үлгерген жеңімпаз оқушылардың сабақтастығы әрі қарай да жалғасады деп сенеміз.
Мектепте 2023-2024 оқу жылын 1203 оқушы тәмамдады. 65 оқушы білім ұясымен қоштасса, 104 оқушы 9 сыныпты аяқтады.