Бұрын соңды естімеген неше түрлі ұғымдар мен сөз тіркестері қоғам арасында жиі талқыға түсуде. Бұл терминдік сөз тіркестері – экстремизм және терроризм. Экстремизм дегеніміз – сөзінде, іс-әрекетінде белгілі бір өзіндік ойымен шетте қалып, шектен шығу. Дін тұрғысынан түсіндірсек белгілі бір мазхабты ұстанбауы, адасуы. Сондай ақ салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа, ұлттық құндылықтарға қайшы келуі.
Экстремизм мен терроризм екі түрлі ұғым. Эктремизм – діни, нәсілдік, рулық, ұлтаралық араздықты ешқандай күш қолданусыз, сана сезімді улау арқылы жүзеге асырады. Соның ішінде саяси экстремизмге елдің конституциялық құрылымын күштеп өзгерту, егемендігіміздің тұтастығына іріткі салу үшін төнкеріс жасауға насихаттау жатады. Ал терроризм – адамдарды қорқыту, зорлық-зомбылық, жарылыстар, адамдарға, ғимараттарға шабуыл жасау арқылы шешім қабылдауға мәжбірлеу.
Ислам дінінде экстремизм, терроризм деген ұғым да түсінік те жоқ. Бұл заңсыз ұғымдар ислам дінінің өзегімен мүлдем сәйкес келмейді. Ислам «тыныштық, бейбітшілік» мағынасын білдіреді. Ислам дінінің басты қағидаттары – кешірімділік, әділдік, сыпайылық секілді қазыналар. Жазықсыз адамдарға зорлық жасау түгілі, тірі жан иесіне қиянат жасау Исламға жат.
Дініміз татулық пен тыныштыққа зиян келтіретін кез келген іс-әрекетке қатаң тиым салады. Асыл дінімізде себепсізден себепсіз адам өлтіру – үлкен күнә болып саналады. Яғни адам өмірі өте құнды болып саналады. Сондықтан, экстремизм, терроризм ұғымдарын ислам дінімен шатастырып, жаман көзқарасты қалыптастыру орынсыз. Террор – біреулер үшін саяси мәселелерді шешуге арналған құрал болса, ал тағы біреулер үшін – ұлы апат. Сондықтан терроризмнің негізінде бір дінді жағымсыз етіп көрсету жатыр.
Экстремизмнің белгілері. Экстремизмді жақтаушы – өз идеясын, ұстанатын сенімін дұрыс деп санайды, ал басқа сенімдегі адамдарды олардың іс-әрекеттерін сыйламайды. Экстремизмді жақтаушы – көпшілікпен араласпайды, қоғамнан өз орнын табуға әрекет жасамайды, жеке оңаша өмір сүруді құптайды. Экстремизмді жақтаушы басқаларға үстемдігін жүргізерде, өз идеясын, ұстанымын дұрыс етіп көрсетеді.
Қазіргі таңда, терроризм мен экстремизмнің көрінісі мемлекетіміздің ғана емес, бүкіл әлемдік өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Жастарымыз дәстүрлі емес діни ағымдардың түпкі арам пиғылдарын білмегендіктен сол ұйымдарға бет бұрып кетеді. Жастардың діни көзқарасы әлі де өзекті мәселе болып табылады және қатаң бақылауды қажет етеді. Жастар – біздің мемлекетіміздің болашағы, ол бізден күнделікті қамқорлық пен тынымсыз ілтипатты қажет етеді. Жастарымыздың адамзаттық болмыстағы, әсіресе, дін саласы сияқты нәзік саладағы құнды бағдарларын білу өте маңызды.
Жалпы, зайырлы білім де, діни білім де адамды дұрыс жолға бағыттауы қажет, Әл-Фараби атамыз айтқан «Тәрбиесіз білім апатқа апаратынын» есте сақтай отырып, беріліп жатқан білімнің халық игілігі үшін жұмсалуын қадағалау керек. Ғаламтор желісінен экстремизмге қатысты контенттерді бұғаттау, азаматтардың діни білім алу мәселелерін реттеу, жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешімін табу, экстремистік әрекеттері үшін жазаларын өтеп жатқан және экстремистік ағымдардан зардап шеккен жандарды оңалту секілді іс-шаралар – күн тәртібінен түспеуі тиіс істер. Діни ахуалға бей-жай қарау – болашаққа жауапсыз қараумен бірдей болмақ.
Б.Сәрсенбаев,
Теолог маман