Түркістан қаласында 1-маусым Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Облыс орталығындағы «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік шара ұйымдастырылады. Мерекелік жиын барысында «Қуыршақ» театрының қойылымы, балалар үшін аквагрим жасалып, тегін тәттілер үйлестіріледі. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.
Сала мамандарының айтуынша, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні жаздың бірінші күніне сәйкес келеді және 1950 жылдан бері бүкіл әлемде мерекелейді. Балаларды қорғау күні – бұл балалық шақтың жарқын, көңілді мерекесі ғана емес, сонымен бірге қоғамға баланың құқықтарын қорғау және оның қауіпсіздігі мен әл-ауқаты үшін жағдай жасау қажеттілігін еске салу.
–Бағдарламаға сәйкес, «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде оқушылардың қолөнер жұмыстарының жәрмеңкесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, балалар жазушыларының кітаптар көрмесі, «Drone Challenge» және «ROBO FEST» көрмесі қойылмақ. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан турнир, армрестлинг спортынан әлем чемпиондарымен шеберлік сағаты және «Аралдағы цирк» мерекелік қойылымын көрсету көзделген. Сондай-ақ «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы, 500 оқушыдан құралған «Dombyra party» флеш-мобы, «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысы оқушыларынан құралған топ өнері көрермен назарына ұсынылады, – деді басқарма басщысының орынбасары Айгүл Ерғалиқызы.
Айта кетейік, ресубликада 6 миллионнан астам бала тұратын болса, ал облыста 1 миллионға жуық бала өмір сүреді.