Өскелең ұрпақты, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені қазақ қоғамының діңгегі осы құндылықтарда жатыр. «Жас бала шыбық тәріздес, оны қалай иетін болсаң сол қалпы өсе береді», — деп айтпақшы, тәрбиенің берілетін балалық шақтағы маңызы зор. Расымен де балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру ұлттық құндылықтардан бастау алады. Ал отбасы тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға қанық болып өскен баланың ұстанымы мықты болады. Отанның ұлы ұғым екенін ұғынып, елінің қорғанына айналады. Ел боламын десең, бесігіңді түзе деген сөздің негізі сонда болары анық.
Жалпылама алып қарайтын болсақ әрбір халықтың, әрбір ұлттың өз мәдениеті, тұрмыс тіршілігінде қалыптасқан салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, тәрбиелеуінің тың тәсілі болатынын білеміз. Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып сан сыннан өткен, сол халықтың ой-арманымен ұштасып, күнделікті тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой-пікір пікірі мен түйіні бар. Ал ол жазу-сызудан, оқу құралынан, ауыз әдебиетінен, ұлттық өнер тағылымынан, халықтың дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, бір сөзбен айтқанда мәдени мұраларынан өзекті орын алып, көрініс табады. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына жинап озық өнегелі дәстүрінсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз ұлттық құндылықтарды елестету мүмкін емес.
Рухани мұрамыз неғұрлым бай болса, алуан арналы болса, өткен мен бүгінгінің мәдени мұралары жарасымды жалғасып жатса, соғұрлым өміріміздің мән мағынасы терең, мақсатымыз айқын, ұлттық болмысымыз жоғары, тарихи үлгі өнеге тұтар озық ойлы күшті ұрпақ тәрбиеленуі еш күмән тудырмайды.
Ата-бабаларымыз күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы, домбыра үнімен асқақтата салған әсем сазды әнімен де өзінің рухани жан дүниесінің мұң шерін, асқақ арманын келер ұрпақтың зердесіне жеткізіп көкірегіне ұялатқанын ұмытуға болмайды. Еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген рухани-мәдени мұрасының тегін тектеу, болмысын тану, оның асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау өскелең өмір талабы болып отыр.
Ұлттық тәрбиенің ұлттық құндылықтардан нәр алатын адамгершілік ұстанымдары мәдени құндылық ретінде қалыптасуы керек. Адам баласы қашанда тәрбиеге мұқтаж. Тәрбие еліміздің, ұлтымыздың бүгіні мен болашағы баянды болу үшін қажет. Сондықтан да алдымен, бүгінгі қоғам келбетімен үндесетін ұлт болашағының бағытын анықтап алу керек. Әр ұлттың баяғы заманнан келе жатқан тәрбиелеу жүйесінің өзіндік жолы бар. Тәрбие ұлттық табиғи тамырынан кіндік үзсе, тәрбиелік қасиетін жоғалтады. Сондықтан оны рухани тұрғыда ұлт тағдырымен байланыстыра отырып, бүгінгі қоғаммен санаса отырып, алға бастыру қажет. Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білетін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Өйткені сонау ғасырлардан бүгінге жеткен ұлттық құндылықтарымыз лиро-эпостық және батырлар жырлары, ауыз әдеби шығармаларымыз, ұлттық қол өнеріміз, ұлттық спорт түрлеріміз айшықтар болсам арқан тартыс, көкпар, бәйге, асық ату.
Бабаларымыздың айтқан әрбір сөздерінің мәні терең мағыналы. «Балаң өзіңе тартса жұбан, қоғамға тартса қуан», — деп бекер айтпаған дана халқымыз. Мұндағы негізгі мән қоғаммен етене араласу, қоғамға пайдасын тигізу, қоғамда белгілі бір орын табу мақсатында айтылса, «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбайтын дәстүр қалдыр» деп, ұлттық құндылықтардан болған дәстүрдің үйретілуі, насихатталуы мен жаңғыруы бала тәрбиесіндегі орнын айшықтап тұрғандай. Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле. Мұнымен ұлттық тәрбиенің маңыздылығын көрсетуде. Қазақ елінің әлеуметтік тұрақтылығы мен мәдениеті үшін ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың маңызы өте орасан зор. Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі: қазақ халқының өміріндегі үлкенді сыйлау кішіні құрметтеу мен қонақ күтудің елеулі маңызы мен өсиет айту, терме, айтыс, шешендік сөздер, қазақ халқының поэзиясы, туыстық қарым-қатынастары, қонақжайлылық, тектілік сынды маңызды дүниелері жетерлік.
Алайда қазіргі таңдағы үлкенді сыйламау, ата-анасына жекіп сөйлеу, рәміздерді құрметтемеу, мұғалімдеріне қарсы шығу, басшыға бағынбау және сол секілді олқылықтар негізі кезінде дұрыс тәлім-тәрбие алмағандықта жатыр. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ иығындағы жауапкершілікті шынайы сезінбейді. Өзін ұлт болып қалыптасуының басты факторларының бірі ұлттық құндылықтарды насихаттаушы адам екендігін түсінбеуінде болып табылады. Сол себепті адам өміріндегі тәрбие, ұлттық сана басты мәселе болуы тиіс. Егеменді еліміз өркендеп дамуы үшін біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдыратытын емес, керісінше біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға дамуымыз керек. Жалпы ұлтымыздың құндылықтары бәрінен жоғары тұруы тиіс.
Ерсұлтан Ештай,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы