Қар төсеніп, мұз жастанып, еркіндік үшін ерлікпен арпалысқан бабаларымыздың үміті ақталып, егемендікке қол жеткізгенімізге 32 жылдың жүзі болды. Ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған аталарымыздың арманы еңселі ел болу еді. «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлаған ақындарымыз шер жұтып, батырларымыз ат үстінде ұйықтап, етігімен су кешіп, жерін қорғаған.
Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түркі жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар толған Тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу. Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.
Тәуелсіздік – тәңірдің бізге берген тәтті сыйы. Оған қол жеткізу оңай болған жоқ. Ешкімге тәуелді емес, азат ел болу үшін иісі қазақ талай күресті. Бұл тәуелсіздік жұрт айтып жүргендей «көктен түскен тосын сый» емес. Алаш баласының әміршіл-отаршыл орталықпен ғасырлап жүргізген күресінің арқасында келген бостандық.
Ғасырлар бойы ұлтымыздың ұлықтығын жоғалтуға тырысқан сайқал саясатта аз болған жоқ. Азаттықтың ақ таңы атқанша, түрлі ауыртпашылықтарға тап болып, озбыр саясаттың құрбанына айналып, өз баласына дәм татуға нан тауып бере алмаған ана, жазықсыз жабылған жала, қанды соғыс, жалындаған жастардың көзіндегі отының сөнуі осының барлығы еліміздің егемендігі жолындағы күресінің жанымызды жегідей жейтін, еріксіз жас алатын басты көріністері. Сол үшін де Тәуелсіздіктің қазақ үшін құны тым қымбат, тым ауыр. Сол себепті азаттықты қастерлеп бағалау да, болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстау да – біздің қасиетті борышымыз.
Тарихта өзінің жері, елі, мемлекеттігі жоқ қаншама елдің ері құлдықта, қызы күңдікте жүргендері әлі де бар. Тәуелсіздік біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамдас бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып кеткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Ата-бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр, ұшқан құстың қанаты талатын алып кеңістікті аманатқа тастап кетуі – бұл бізге қазіргі ұрпақтарға үлкен сын.
Қазақ халқының небір қайтпас қайсар батырларының жасаған ерліктерін оқулықтардан оқып білудеміз. Өз өмірі үшін, Отаны үшін, елі үшін, жері үшін, өмірі үшін қанды шайқастарда қаза тапты. Әр жолы мен өз елін, жерін жаудың аяғына дейін таптамаған, бірақ басын өлімге тігіп, туған жеріне қарай қадам басқан аталарымыздың асыл күшіне, жоғары рухына құрметпен қарауға тиіспіз.
Әсіресе, Желтоқсан оқиғасы біздің жадымызда. Алматының алаңында өткен желтоқсан қырғынының жазықсыз жаласына ұшыраған «қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жаны» бар жанкешті жаужүрек студент жастар Қайрат, Ләззат, Сабира сынды желтоқсанның ызғарында жасаған ерліктері жастарымызға үлгі. Желтоқсанның ызғарына тоңып, тас қараңғы тас қамалда Қайрат ағамыздың жазған өлеңдерінде «Мен қазақпын» деген әрбір жастың, әрбір адамның, жанына күш-қуат беріп патриоттық сезімін оятары анық. Осыған орай, жыл сайын желтоқсанның 16-да барша қазақ елі Тәуелсіздікті тойлап, азаттық үшін қасық қаны тамғанша күрескен боздақтарды еске алады. Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие. Дүниедегі Тәуелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халықта жоқ. Қазақ үшін азат болудан, боданнан босаудан асқан – бақыт жоқ!
Басты мұрат – қолымызға қиындықпен түскен тәуелсіздік туына мейлінше бекем болу. Ел үшін қам жеген бабалардың ерен еңбегінің арқасында халқымыз – тыныштықта, Отанымыз еркіндікте өмір сүріп жатыр.
Егемендікке қол жеткізгеннен бастап, Қазақстанның даму жолында көптеген кедергілер тұрды. Бірақ мемлекет, ұлт ол кедергілерге төтеп бере алды. Бүгінде Қазақстанның дүниеге берері де, алары да мол.
Шындығында, халқымыз тағдыр-талайына жазылған жаңа мемлекет құру миссиясын толықтай жүзеге асырды. Тарих тұңғиығына батып кетпей, жасампаздық жолында жаңа міндеттер арқалады. Өзгелерден оза шауып, әлемдік қоғамдастықта дараланды.
Тәуелсіздік те бақыт сияқты – бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы болмақ.
Гүлдариға Бекжан,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы