VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бір жыл ішінде белсенділіктерімен көзге түсіп келеді. Халық ішінде кеңінен талқыланып жүрген мәселелерге қатысты депутаттық сауалдар жолдап, өңірдегі мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп отыр. Солардың бірі — Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласы аумағынан сайланған депутат Ұласбек Сәдібеков. Халық қалаулысымен болған бүгінгі басқосуымызда Парламент Мәжілісінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайында кеңінен сұхбаттастық.
— Ұласбек Сәдібекұлы, өңірдегі ең күрделі мәселелерді үкіметке жеткізіп келесіз. Соның бірі — халық жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелеріне қол жеткізе алмай келе жатқанын айтып, депутаттық сауал жолдадыңыз. Аталған жағдайға қатысты қандай шешімдер қабылданды?
— Ия, рахмет. Жалпы бір жыл ішінде 10-ға жуық депутаттық сауал жолдадым. Соның бірі Қазақстан Республикасының Премьер–Министріне халық жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелеріне қол жеткізе алмай келе жатқанын айттым. Себебі, бұл бүгінгі күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселенің бірі.
Мәселен, Түркістан облысында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 400 мыңнан астам адам кезекте тұр, ал мен сайланған Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласында жер кезегінде тұрған халық саны 155 мыңнан асты.
Кейінгі 10 жылда кезекте тұрғандардың 2-3% ғана жер алған. Ал, жер кезегінде 10-15 жылдан бері тұрған азаматтар да бар. Сайрам ауданына қарасты 65 мың халқы бар Қарабұлақ ауылында 10 сотық жер телімінде 2-3 отбасы үй салып, тұруға мәжбүр. Себебі, жер бар, бірақ заң жүзінде халық ала алмайды. Ал, жергілікті әкімдік қолда бар ресурсты пайдалануға қауқарсыз.
Себебі, Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 44 бабының 5-3 тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жер телімдерін тұрғындарға беруден алдын ол аумаққа инженерлік коммуникация жүйелерін жүргізу керек. Ал, бізде 2015-2017 жылға дейін берілген жер телімдерінің инфрақұрылым мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Сондықтан өңірлердегі бұл мәселелерді шешу үшін әлі де республикалық бюджеттен қаражат бөлуді қажет етеді.
Бүгінде бұл жағдай бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Тұрғын үй–коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) құрлысына республикалық бюджеттен 104,8 млрд теңге бөлінді. Оның 46,3 млрд теңгесі 35,1 мыңнан астам жер учаскесін ИКИ қамтамасыз етуге бағытталған.
Өткен жылы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында Түлкібас ауданының Т.Рысқұлов, Жаскешу, Иірсу, Шақпақ ауылдарындағы 805 жер учаскесіне 607,8 млн теңге бөлінді. Төлеби ауданының Леңгір қаласында, Зертас, Қайнар ауылдарындағы 1365 жер учаскесіне 316,7 млн теңге бөлінді. Сайрам ауданының Қарасу ауылындағы 1090 жер учаскесіне 964,8 млн теңге бөлінді. Кентау қаласындағы Оңтүстік-Батыс шағын аудандағы 566 жер теліміне 1,6 млрд теңге бөлінді.
Әзірге жұмыстар жүріп жатыр. Бұл мәселе алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
— Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа енгізу күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Әрі, бұл көптен бері халықтың көкейінде жүрген жағдай болатын. Аталған мәселе бойынша да депутаттық сауал жолдадыңыз. Біршама жұмыстар жүргізілді. Енді, қорытындысы қашан жарияланады? Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданы экологиялық аймаққа ене ме?
— Ия, бұл өте үлкен, ауқымды мәселе. Біз Кентауды экологиялық аймақ деп тану арқылы 100 мың халықтың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министріне депутаттық сауал жолдадым.
Түркістан облысының Кентау қаласындағы экологиялық жағдай күннен күнге күшейе түсуде. Бұл мәселеге негізгі себептің бірі — қаланың Арал аймағына жақын орналасқандығы. Арал маңындағы қазақстандық бөліктің қарқынды шөлге айналуы халықтың әл-ахуалының қолайлы шарттарының жойылуына, атап айтқанда аурушаңдықтың артуына алып келуде. Осы себептер бойынша Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарының кейбір аймақтары экологиялық апат аймақтары болып танылды. Ал, сол сәтте Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданы сол тізімге енбей қалды.
Қазіргі кезде Кентау қаласындағы ауа мен судың ластануынан қала тұрғындарының арасында онкологиялық аурулар да асқына түскен. Мәселен, 2020 жылы онкологиялық аурумен науқастанып, қайтыс болғандардың көрсеткіші 49,5 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 51,5-ке көбейген. Ал, 2022 жылы 62,4 болып отыр. Әрине, бұл дабыл қағарлық мәселе деп білемін.
Кентау қаласына қарасты Құсшы ата ауылындағы жолдың арғы беті экологиялық аймаққа жатса, бергі беті экологиялық аймақ деп есептелмейді. Барлық тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа. Бәйдібек ауданында да дәл осындай жағдай бар.
Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру бойынша Экология министріне жолдаған депутаттық сауалым бойынша да қазір нақты істер қолға алынып, жұмыстар жүріп жатыр.
Бұл бойынша тиісті министрліктер мен Кентау қаласы әкімдігі бірлесе жұмыс істеуде. Қорытындысы да көп ұзамай шығады.
Ал, Бәйдібек ауданы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр.
— Кентау қаласында шешімін таппай отырған өзекті мәселелер өте көп. Бұл бойынша жуырда депутаттық сауалыңызда айтып өттіңіз. Жалпы, қайтсек моноқалалардың жағдайын жақсарта аламыз.
— Еліміздегі моноқалаларда бір біріне ұқсас мәселелер өте көп. Атап айтар болсам, жылу, ауыз су, кәріз, жарық жүйелері ескірген. Содан күн суытып, қыс түскенде халық мардымсыз жылуды тұтынуға мәжбүр. Сондай-ақ, Кентауда 56 көп қабатты тұрғын үй ауласы бар. Оның 33-іне балалар ойын алаңшасын салу қажет. Қазіргі кезде қаладағы тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам адам тұр. Ал, жеке тұрғын үй салу мақсатында 10 000-нан астам адам жер кезегіне тіркелген.
Бүгінде бұл тек Кентау қаласындағы ғана жағдай емес, бүкіл моноқалаға қатысты мәселе деп білемін. Яғни, бізде шағын қалалардағы шешімін таппаған жағдайлар өте көп. Сондықтан «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қоссақ, Кентау секілді қалалардың дамуына үлкен септігі тиер еді.
— Өңірдегі тарихи мәдени нысандардың жағдайы жайында айтқан мәлімдемеңізде де өзекті мәселелерді көтердіңіз. Нәтижесі қалай болып жатыр?
— Бүгінде өңірдегі мәдени мұраға енген тарихи нысандар ашық – шашық күйде жатыр. Тіпті, қараусыз қалып қойды десекте болады. Салдарынан жаңбыр мен қар суынан зардап шегуде.
Мәселен, қазақ хандығының ең алғашқы астанасы болған бұрыңғы Созақ қалашығының орны төбе болып үйіліп жатыр. Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылындағы тарихи қалашыққа жергілікті кәсіпкер азық-түлік дүкенін салып тастаған. Сайрамдағы «Ханқорған» қараусыз қалды. Бұл мәселелерді де айтып, депутаттық сауал жолдадым.
Бұл бағытта министрлік тарапынан да жауап келді. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы негізінде 100 объектіні жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізу бойынша қаулы жобасы дайындалуда.
Қазіргі таңда аталған «Ханқорған» қалашығының бір бөлігі ескі монша орнына археологиялық зерттеу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі анықталды. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы Қарнақ ауылында орналасқан Тайқазан құйылған арнайы орынға сол кезеңнің тарихынан мағұлмат беретін арнайы тақтайша орнату жұмыстары жүргізіліп, туристік маршрутқа енгізілетін болады. Созақ ауданындағы таңбалы тастарды да күтіп ұстау жайы назарға алынды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады және ол уәкілетті органның бақылауында.
— Бүгінде білім мен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі апатты жағдайдағы ғимараттар жайы болып отыр. Сондықтан, «жаңа ауруханалар мен мектептер салынса» – деген ауылдағы ағайынның арман-тілегі бар.
— Сұрағыңызды түсіндім. Өңірдегі апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін білемін. Бұл бойынша тиісті министрліктерге де жағдайды жеткізіп келеміз.
Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Түркістан облысында 2024-2025 жылдары екі ауысымда оқитын 98000 оқушыға арналған 63 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Аталған мектептерді салуға Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 344,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, биылғы жылы Түркістан облысына 37 мектептің құрылысын аяқтауға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 22,6 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде білім беру саласындағы 2 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 726 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Сайрам ауданы Нұржанқорған ауылындағы Анартаев атындағы №62 негізгі орта мектепке 300 оқушыға арналған жапсаржай, мәжіліс залын, асхана мен шеберхана салуға – 412 млн теңге қарастырлып отыр.
Түлкібас ауданы Таусағыз ауылында орналасқан Г.Титов атындағы мектепке 150 оқушыға арналған қосымша оқу корпусын салуға 314 млн теңге қаралды.
Ал, аурухана мәселесіне келетін болсақ, өңірдегі ауруханалар мен емханалар басым көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Себебі, өңірде орналасқан әлеуметтік нысандардың көпшілігі 1950-60 жылдары бой көтерген. Тозығы жетіп, қабырғалары құлаудың алдында тұр. Бұл бойынша да депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Нәтижесінде биылғы жылы Созақ аудандық орталық ауруханасы күрделі жөндеуден өтетін болды.
Биыл Бәйдібек ауданына қарасты Жарықбас, Ағыбет ауылдарында 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, Тұрақты және Шығыт ауылдарында қосымша 2 медициналық пункт салынады.
Түлкібас ауданына қарасты Мичурин ауылындағы бөлімше ғимаратын ағымдағы жөндеуге ақаулы акт әзірленуде.
Жалпы Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 10 ауылдық елді мекенінде 9 ФАП және 1 ВА салынды. Сонымен қатар Ұлттық жобаға сәйкес 2023-2024 жылдары ауылдық елді мекендерде 49 Медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу жоспарлануда.
— Сайрам және Төлеби аудандарының халқын таза ауыз су мәселесі алаңдатып отыр. Халық «аталған мәселені оңтайлы шешіп берсе» — деген өтініш айтуда.
— Бұл мәселеден хабардармын. Парламент Мәжілісінде мәселе көтердім. Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылын таза ауыз сумен қамту жайы Үкімет назарына ілікті. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруға қаражат бөлу мәселесі 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде белгіленген тәртіпке сәйкес қаралатын болады.
Төлеби ауданындағы Балдыберек өзенінен бастау алатын «Бақырауық» бұлағының мәселесі бойынша зерделеу жұмыстары жүреді. Аталған бұлақ арнай қорғалатын Ұлттық табиғи паркке қарасты жерде орналасқандықтан, жергілікті әкімдік балама жолын қарастырып жатыр.
— Созақ пен Бәйдібек аудандарында суармалы судың мәселе бар. Бұл мәселені шешу үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?
— Түркістан облысындағы Созақ ауылдық округінің шаруалары суармалы судың тапшылығынан егістік аумағын ұлғайта алмай отыр.
Қазіргі таңда аумақта 6658 гектар суармалы жер болғанымен, су тапшылығына байланысты оның 2132 гектары, яғни 32 пайызы ғана игерілуде. Бұл мәселелерді шешу үшін ауыл тұрғындары және шаруалар Ақұйық, Суындық өзендерінен су қоймасын салып беруді сұрауда.
Бұл мәселе бүгінгі күні Бәйдібек ауданында да өзекті болып тұр. Аудан аграрлы өңір болғанымен, суармалы алқаптың аумағы өте аз. Бір сөзбен айтқанда, аудандық шаруалардың басым бөлігі жауын-шашын мен табиғи тау суына тікелей тәуелді.
Климаттық құрғақшылықтың салдарынан егіннің сапасы төмендеп, алынатын өнім көлемі өте азайып кеткен. Мысалы Бәйдібек ауданы бойынша 2022-2023 жылы өнімнің түсімі өте төмен болды. Тіпті, егінді орып алудың өзі шығынға батыратын болғандықтан шаруалар ормай тастап кетуге мәжбүр болған жағдайлар бар.
Қазіргі таңда бұл тығырықтан шығудың бір жолы- ол жаңбырлатып суару технологиясын қолға алып, кеңінен пайдалану. Бірақ бұл мәселе қарапайым шаруаның қолынана келе бермейді. Себебі суару қондырғысының бағасы өте қымбат.
Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ауыл-шаруашылық жерлерін, оның ішінде сүдігер жерге ұңғыма /скважина/ қазуды қолға алу және осы қондырғылардың құнын субсидидиялауды 50-пайыздан 80-пайызға көтеру жөнінде айтқан болатын. Қазір аталған мәселен шешімін тапты. Бұл шаруалар үшін қуанатын жайт болып отыр. Ендігі жерде жаңбырлатып суару технологиясын жаппай ендіру жайын қолға алуымыз қажет.
— Түлкібас ауданындағы қарасты Түлкібас ауданындағы Түлкібас кентінде орналасқан теміржол өткелі көпірінің құрылысына қатысты мәселе көтерген болатынсыз. Нәтижесі қалай болды?
— Ия, Түлкібас ауылы тұрғындарының басты мәселесі — теміржол өткелі. Мұнда 50 мыңға жуық халық пойыз жолдың жоғары жағында тұрады. Олар төменгі бетке түсуі үшін бірнеше уақыт бойы жол бойында пойыздың өтуін күтуі керек. Арнайы өткел болмағандықтан шақыртуға шыққан жедел жәрдемде кешігіп жататын кездері бар. Жергілікті тұрғындар да жұмысқа жиі кешігіп қалады. Бұл мәселені халықпен кездесуімде жергілікті тұрғындар жеткізді. Жалпы темір жол өткелінің мәселесі Сайрам ауданында да бар. Бұл шешуді қажет ететін ең өзекті мәселенің бірі.
Ал, жаяу жүргіншілер өткелінің қауіпсіздігі сын көтермейді. Мұнда мүгедектігі бар адамдардың жүріп тұруына мүлдем жағдай жасалмаған. Сондай-ақ, қариялар мен апаларға қиын.
Жаяу жүргіншілер өткеліне биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол дегеніміз әрлеу, бояу секілді дүниелер. Ал, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өткелді жаңадан салу керек немесе күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл мақсатқа қаражаттың жетіспеуі қол байлау болып отыр.
Біз, депутаттар Үкімет мүшелері мен тиісті министрлік өкілдеріне өңірдегі осындай мәселелерді айтып жеткізгенімізбен, олардан «алдағы уақытта қаралады», «қараймыз» деген секілді жаттанды жауаптарды алып жатамыз. Ал, ел ішіндегі мұндай жағдайларды шешу үшін бір күн кешігуге болмайды. Себебі, артында адам тағдыры, сол ауыл тағдыры тұр.
— Жалпы, биыл Парламент Мәжілісінің депутаттары біршама заң жобаларын қарады. Осы тұста айта өтіңізші, ел ішінде көптен бері айтылып, талқыланып жүрген қандай мәселелерге басымдық берілді.
— Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары органы екендігін атап өткім келеді. Осы себепті депутаттардың жұмысы заң шығару қызметімен тікелей, әрі тығыз байланысты.
Парламент Мәжілісінде халық ішінде көп талқыланған — Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, Трасферттік баға белгілеу, Ұлттық қордың 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферті, Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару, Жайылымды пайдалану секілді бірнеше заң жобалары қабылданды.
Қабылдағанған барлық заң жобаларында ел ішінде көптен бері айтылып жүрген мәселелерге басымдық берілді.
Мәселен, жайылымдар туралы заңда «қоғамдық жайылымдар» ұғымы енгізілді. Ауылдық округтердің тиісті шекараларында орналасқан жайылымдық жерлерді жерігілікті ауыл және ауылдық округтер әкімдерінің қарауына берілетін болды.
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссия өз жұмысын жалғастыруда. Жалпы, жыл басынан бері Комиссия шешімдерінің негізінде мемлекетке 325 млрд. теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды. Оның ішінде ақшалай қаражат, 13 мың гектар жер, тарихи-мәдени мұра заттары, қымбат зергерлік бұйымдар бар.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдаған адамдар ретінде құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады.
Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Сондықтан биыл вейпке тыйым салатын заң күшіне енді. Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты заңда темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған.
Жалпы ағымдағы сессияға 115 заң жобасы келіп түсті. Оның 66-не Президент қол қойды.
— Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында қалаға Ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы дайындалып, Парламенттің қарауына жолданған болатын. Маңызды құжат қабылданса, облыс орталығы рухани һәм мәдени-тарихи қала ретінде дамудың даңғыл жолына түспек. Жаңа заң жобасы туралы пікіріңіз?
— Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында қалаға Ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы- тек өңір жұртшылығы немесе ел тұрғындарын ғана емес күллі түркі халықтарын қуанышқа кенелтіп отыр.
Заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту жол ашады. Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Аталған заң жобасы қабылданса облыс орталығы рухани һәм мәдени-тарихи қала ретінде дамудың даңғыл жолына түспек.
Тағы бір айта кетер жайт, Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында қалаға Ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы — Үкімет тарапынан дайындалған тұңғыш қазақ тілді заң жобасы болып саналады. Сондықтан, ең басты ерекшелік осында.
— Әңгімеңізге рахмет!