Алматыда дәстүрлі «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Оныншы мәрте ұйымдастырылып жатқан сайысқа Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан командалар қатысты. Байрақты додада 14 пен 17 жас аралығындағы барлығы 750 жас патриот бақ сынасты.
Биыл әскери-патриоттық жиын Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Шара барысында Мемлекет басшысының сайысқа қатысушы жастарға арналған хаты оқылды.
Бәсі биік бәсекеде үнемі жүлдегерлер қатарында жүретін «Арыс» командасы биыл да сәтті өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Тек Арыстың ғана емес, күллі Түркістан облысының намысын қорғаған жастарымыз бірнеше әскери қолданбалы спорт түрінен нәтижелі орындар көрсетті.
Жиында «Айбын дарыны» зияткерлік байқауы, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы, АК-74-ті жартылай бөлшектеу, пневматикалық мылтықтан ату, 1 000 м, 3 000 м жүгіру, турникке тартылу, әскери эстафета, арқан тартыс бойынша тапсырмаларды орындады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі тәрбие мен идеологиялық жұмыс департаментінің ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Аталған халықаралық жарысқа Арыс қаласының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының АӘЖТД пәнінің жетекшілері Ербол Аймурзаев пен Молдабай Сүйіндіков дайындаған командасының №32 Ә.Жангелдин, С.Адамбеков, М.Әуезов, С.Қожанов, Ташенов және Жиделі жалпы орта білім беретін мектептерінің жастары жаттықтырылды.
Үздіктердің қатарынан көрінген жеңімпаз жастарды Арыс қаласының білім бөлімінің басшысы Әшімхан Тілеуханұлы, әдіскерлер мен білім беру ұйымдарының ұстаздары қарсы алды.
Айта кетейік, бұл арыстық команданың алғашқы жеңістері емес, үздік жетекшілер дайындаған жастар қатарынан 5 жыл үштіктің қатарынан көрініп келеді.