Әлемдегі барлық мамандықтардың ішіндегі ең киелісі әрі ұлағаттысы – ұстаз. Егер де бір адам бізге «Ұстаз деген кім?»,– десе, арамыздағы кез келген адам ойланбастан жауап берер еді. Ұстаз – ұлы тұлға. Осы бір сөздің астында қаншама мағына жатыр. «Ұстаз – адамның екінші анасы», – деп қазақ халқымыз бекер айтпаған. Себебі, адам баласы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған кезде қолынан жетектеп, мейірімі мен ыстық ықыласын төгіп, дұрыс жол көрсетіп, үлкен өмірге қадам басуға көмектесетін ұстаз. Білім беретін де ұстаз. Ұстаз білім беріп қана қоймай, сонымен қатар, баланы тәрбиелеп, оң жолға салады. Ұстаз балаға тәлім-тәрбие бергенде оның ішкі жан дүниесін түсінуге, оған кеңес беріп, барынша қолдау көрсетуге тырысады. Ұстаз алдынан тәрбие-білім алмайтын жан жоқ. Тіпті, бай қуатты адамның өзі ұстазға бағынып, ұстаз алдында бас иеді. Себебі, осындай дәрежеге ұстаздың берген тәлім-тәрбиесі мен білімінің арқасында жетіп отыр.
Қазіргі кезеңде мен, мен деген мамандық иелері де балалық шақтарында үстел үстінде отырып, ұстаздың сабағын, айтқан сөздерін зейін қойып тыңдаған, тәрбие-білім алған. Бұл оқиғаларды қазіргі заманның жағдайымен салыстыратын болсақ, қазір ешкім ұстазды құрметтемейді, тыңдамайды. Әлемдік пандемиядан кейін адамның көп нәрсеге көзі жетті, көп нәрсені түсінді десек те болады. Соның бірі: мамандық. Қазіргі таңда бала «болашақта кім боламын?», – деп өз-өзіне сұрақ қойып, қиналмайды. Себебі, бәрі тоқтап қалған кезде екі-ақ мамандық иесі өте қатты қажеттілікті талап етті және олардың жұмыстары бір уақыт болсын тоқтап қалған емес. Ол: ұстаз және дәрігер мамандықтары. Осы мамандықтарға сұраныс көп болды. Басқа мамандықтар бір-ақ сәтте тоқтап, жұмыс істемей қалды. Ал, біз онша бағаламай, қадірлемей жүрген мамандықтар қиын-қыстау кезде қасымыздан табылды. Онлайн форматта болса да, ұстаз оқушыларға қолдау көрсетіп, білім берді. Адам баласы мектеп табалдырығын аттағаннан бастап ұстаз баланың өміріне тікелей жауапты болады. Себебі, бала жақсы оқып, жақсы мамандық таңдап, жоғары оқу орныңа түсу үшін, ұстаз балаға дұрыс тәлім-тәрбие мен білім бере алуы керек. Ұстаз кез келген адамның қолынан келе бермейтін мамандық. Оған көбірек шыдамдылық пен білімділік керек. Міне, ұстаздың ұлы есім болуы да осында жатыр. Бұл әр адам үшін өмірлік тәжірибе немесе сынақ болды деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. Қанша жерден қиын болса да, ұстаз оқушыға жеткілікті білім беріп келеді және болашақта да бере алады. Осы жағдайдан кейін елбасымыз «ұстаз» мамандығының дәрежесін көтеріп, ұстаздарға барлық жағдай жасалынып, көмек көрсетілуде. Осындай ұстаздарымызың қиындыққа төтеп бере алғанына, батылдығына қарап, менің де ұстаз болғым келеді. Мен де әр оқушыға көңіл бөліп, тәрбие-білім беріп, дұрыс жолға бағыт көрсеткім келеді. Жоғарыда айтылған өмірлік мәні мен маңызы бар сөйлемдерді ескеріп, ұстаздарымызды барынша қолдайық, көмек көрсетейік, айтқандарын тыңдайық. Ұстаздарымыздың дәрежесін көтеруге бірге ат салысайық, ұстазымызды аялайық, құрметтейік. Ең бастысы, ұстаздарымыздан үлгі алайық, соларға қарап өсейік.
Бекзатхан Тұрарбек,
Теолог маман