Қожа Ахмет Ясауи – түркістандық ғұлама, әулие. Ясауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахмет Ясауидің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Ясауидың «Диуани хикметінде» де Арыстан баб есімі жиі кездеседі. Қожа Ахмет Ясауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышпанди сопы Қожа Ахмет Ясауидың «Мират-ул Қулуб» атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадыр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Ясауидың шәкірттері саналады.
Ясауи жолы фикхтық жағынан имам ағзам Әбу Ханифаның, доктриналық жағынан имам Матрудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы. Ясауи ілімі – Қазақстандағы діндарлық қана емес, дінаралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы.
Ясауи ілімі – рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшылы Ясауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Ясауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Ясауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты.
Ясауи дүниетанымының негізінде сопылық жатыр. Сопылық – ішкі танымға негізделген моральдық психотехникалық құбылыс. Сопылық терминологиясында «фақр» сөзі нәпсіден құтылып, рухани кемелдікке ұласуды білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметі адамдық кемелдікке және рухани еркіндікке жетудің ілімі болып табылады. Сондай-ақ Құранның адам өмірінің мәнін ашудағы, пенденің рухани әлемін кемелдендірудегі Ұлы Алла тарапынан жіберілген басты хикмет екендігін аңғаруға болады. Абайдың «адамның хикмет кеудесі» деуі де тарихи мәні тереңде жатқан танымдық мәселе болып табылады.
Ясауи іліміндегі рухани еркіндік. Адам баласын еркін әрі таңдау еркімен жаратты. Бұл жайлы Ясауи ілімінде былай деп түсіндіреді. Адам сөзі мен ісі және ойында еркін болмаса, яғни, адам, азап, рахат, бақыт, сор, ғибадат, күнә, байлық, кедейлікте мәжбүр болатан болса, онда оның ниеті мен әрекетінің мәні болмас еді. Тәңірдің жаратуымен дін беріп, пайғамбарлар жіберуінің, әулиелердің тәрбиесінің де ешқандай мән мағынасы болмас еді. Рухани еркіндікке жетудің сатыларын Ясауи «Хақты тану үшін алдымен өзіңді таны» сондай-ақ «Өлме бұрын өл» атты еңбектерінде нақтылап өткен.
Қазіргі таңда ел тұтқасын ұстар болашақ жастар үшін, Ясауи ілімін кеңінен дәріптеп, жүйелі түрде оқытса, кемелдікке жеткен бабамыздың салып өткен ізінен нық қадамдар басарына сеніміміз мол болары анық.
«Әркім қылса тариқаттың даулы ісін,
Әуел қадам шариғатқа қоймақ керек.
Шариқаттың істерін ада қылып,
Одан кейін осыны қылмақ керек.
Шариғатсыз дәм бұйырмас тариқатта,
Тариқатсыз дәм бұйырмас мағрипатта.
Мағрипатсыз дәм бұйырмас хақиқатта,
Баршасын да шариғаттан сұрамақ керек»,- деп жырлап өткен бабаларымыздың еңбегі мен шығармашылығын келер ұрпақтың санасына сіңдіріп өсіргеніміз бек абзал. Қорыта айтар болсақ ұрпақ тәрбиесі сіз бен біздің қолымызда. Бала әке айтқанды емес, әкеден көргенді жасайды, қыз анадан естігенді емес, көргенін жасайды. Ұлт болашағын сақтап, тәрбиелі, өнегелі ұрпақ жалғасын табу үшін өзгеден емес өзімізден бастағанымыз дұрыс.
М.Құрманбек,
Теолог маман