Сайрам ауданының білім бөліміне қарасты Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Амантай Нұрсезім ұлттық бірыңғай тестілеуден 131 балл алды. Аудан бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде бос уақытын кітапқа арнап, қазақ әдебиеті мен тарихынан білімін толықтырып қана қоймай, пән мұғалімдерінің сүйемелдеуімен байқауларға белсенді қатысып, бірнеше жүлделі орынды иеленген. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің және жалпы білім беретін ұйымдарының 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық V «Абайтану» олимпиадасының I дәрежелі дипломының иегері атанды.
Қазақ зиялылары ақын-жазушылардың шығармаларын жетік білуге құштарлығы артуда. Өйткені, бала кезінен көркем әдебиетке құмар болып, қызығушылығы оянып, мәнерлеп айтуға жаттыққан.
Сынақ кезінде талапкер мүмкін болған 140 баллдың ішінен қазақ тілінен 47 балл, ал қазақ әдебиетінен 46 балл, Қазақстан тарихынан 19 балл, математикадан 10 балл, оқу сауаттылығынан 9 балл алған.
Баласының сынағына алаңдаған ата-анасы мен мектеп ұжымы түлегінің осындай оқудағы жетістігімен мақтанып, қуанышты сезімге бөленуде. Шәкірт пен ұстаздардың талай жылғы еңбегі мен жақындарының қолдауымен жақсы нәтижеге қол жеткізілді.
Туындылардан рухани нәр алған үздік түлек қазақ тілі және әдебиеті мамандығына таңдау жасаған. Еліміздің бас қалалары Алматы және Астана қалаларындағы жоғарғы оқу орнының біріне түсуге ниет білдіріп отыр.
Жеңімпаз алдағы уақытта оқуын үздік жалғастырып, болашақта жаңашыл ұстаз болуды армандайды.
Арманына қанат байлаған ару қыздың талабына мен мақсатының орындалуына тілектеспіз. Өмірде алар асуың асқақ, белестерің биік болсын! Білім ұясынан осындай дарынды балалар түлеп, ұша берсін!