Таяуда Алматы қаласында өткен «IQANAT» олимпиадасының республикалық кезеңіне Сайрам ауданынан бірқатар оқушылар қатысып, бақ сынасты. Олимпиаданың қорытындысымен 2 оқушы «IQanat білім беру» қорының грант иегерлері атанды. Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі №49 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Н.Қамал және Құтарыс ауылдық округіндегі №30 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Е.Мырзақұлдар үздік нәтиже көрсетті. Балалар пәндік білімдерімен қатар, зияткерлік, көшбасшылық қасиеттерімен көзге ерекше түсіп, қаншама қатарластарын артқа қалдырды.
Алдағы оқу жылында мектеп табалдырығынан аттап шығатын алтын шәкірттер Бурабайдағы «IQanat Burabai High School» мектеп-интернатында білімін жалғастыра отырып, Қазақстан және әлем университеттеріне түсу үшін үш жылдық тегін дайындықтан өтетін болады.
Орталықтағы пойыз жол торабына бас қаладан жол тартқан сайрамдықтарды аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ф.Оспанова, осы бөлімнің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Нұртанова, мектеп ұжымы мен ата-аналар ыстық ықыласпен қарсы алып, ізгі тілектерін жолдады.
Кездесу барысында жеңімпаздарға «Абай жолының» 4 томдық кітап жинағы мен гүл шоқтары табыс етілді.
Айта кетелік, аталған бағдарламаның ережесіне сәйкес, ауылдың жалпы білім беретін мектептерінен 8-сынып оқушылары қатыса алады. Аталған олимпиаданың аудандық кезеңіне 1888 оқушы ниет білдірді. Облыста өткен екінші кезеңде 324 бала іріктеліп, оның 20-ы ақтық сынға жолдама алған болатын.
Білім алушыларымыздың талаптарына нұр жаусын!
Осындай жетістіктерге жетелеген ұстаздары мен ата-аналарына алғыс білдіреміз!