Қазақстан қоғамындағы бүгінгі күнгі ислам діні қоғамда таратушы, насихаттаушы, қоғамның діни сауатын көтеруге өзіндік үлкен үлес қосушы мешіттер мен медреселердің негізі сонау Пайғамбар (с.а.с.) дәуіріндегі қарапайым Суффа мен медресеге дейінгі оқу ошақтарында, теңіз тамшыдан құралғаны секілді, ислам білімі мен ғылымы шоқтығы биік ғалымдардың еңбегімен қаланды.
Адамзат тарихына зер салар болсақ, ешбір мемлекет пен қоғамның білім мен ғылым, тәрбие саласына көңіл бөлмеген кездері болған емес. Қоғамның рухани және материалдық қажеттіліктерін өтеп, адам өмірін жақсарта түсуге қай халық болса да өз мүмкіндігінше назар аударған.
Еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни университет пен институт, ғылыми-зерттеу институттарын заман талабына сай жетілдіру, діни медреселердің саны мен сапасын арттыруды басты назарына алуының бір мәні осында жатыр.
Мемлекет жастардың шетелдерде білім алуын, олардың елге қажет мамандықтарды игеруін және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлығын құптайды. Сондықтан, қазіргі күнде біздің елімізде жастардың «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында, сонымен қатар әртүрлі гранттар мен ата-аналарының жеке қаражаты есебінен шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Өкінішке қарай, соңғы уақытта жастарымыздың шетелдерде оқып жүріп әртүрлі келеңсіз оқиғаларға тап болуы орын ала бастады. Сондықтан, мемлекет біздің жастарымыздың шетелдерде әртүрлі сипаттағы қақтығыстарға ұшырамауына, олардың жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделі. Жалпы, бұл мәселеде Еуропа елдері мен Америкада жағдай тыныш болса, араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие.
Кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн.
Өз отанында базалық діни білім алмаған азаматтар күмәнді теологиялық оқу орындарын бітіріп, «таза ислам» идеяларын жинақтап келеді. Сыни ойлаудың жоқтығынан, қазақ халқының менталитетін, мәдениеті мен дәстүрін білмегендіктері олардың тез радикалдануларына әсер етеді. Сондықтан діни білім алу үшін өз еркімен және аяқасты шетелге барудың қажеті жоқ. Діни білімді өз елімізде алуға мүмкіншілік бар және жағдай жасалған.
Елімізде «дінтану» кафедрасы Түркістан қаласында, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 1992 жылы алғашқы болып ашылған. Одан бөлек дінтану, теология, исламтану мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университетінде бакалавриат және магистратура, доктарантура бағдарламалары аясында даярлайды.
Қорытындылай келе бастапқы діни білім – отандық болғаны дұрыс. Мысалы, кез-келген ата-ана баласы мектепке барғанда бастауыш біліміне баса назар аударады. Мектеп имиджіне, мұғалімнің еңбек тәжірибесіне, білім беру үрдісіне өте талғаммен қарайды. Өйткені оның болашақ білімі бастауыш білімге тікелей байланысты. Сол сияқты діни білімнің де негізгі баспалдағы нық әрі дұрыс болғаны абзал.
А.Құрманбек,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы