Бүгін Түркістандағы Фараб» кітапханасында «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті.
Сессия барысында Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова сөз сөйлеп, өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ Елена Николаевна: «Ұлтым орыс болғанмен, мен қазақтың келінімін. Сондықтан қалың елдің алдына шыққан соң қазақтың салты бойынша сәлем салу – келіндік міндетім, ал үлкендердің, халықтың батасын алу – мен үшін мәртебе», — дей келе көпшілікке ілтипат білдіріп, сәлем салды.
— Мен Кентау қаласындағы №16 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Өзім Талдықорған қаласының тумасымын. Жолдасыммен арман қала Алматыда танысып, ешқашан көрмеген Кентауға келін болып түскеніме, міне, қазір 10 жылға жуықтапты. Жолдасым Нұрсұлтан – үйдің ең кенжесі болғандықтан, қарашаңырақта ата-енеммен бірге тұрамыз, үш қызымыз бар. Қазақ әулетіне келін болып табалдырық аттаған күннен бастап енем өзі бас-көз болып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретті, қазақы тәрбиеге баулыды. Қазақ отбасына келін болып түсуім де қазақ тілін тереңдей меңгеруге септігін тигізіп келеді. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, еркін сөйлей алса, оның артықшылығы деп ойлаймын. Бұл — өзің өмір сүретін елге деген құрметтің белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену – әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп есептеймін, — деді Елена.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», деген болатын.
— Бүгінде Түркістан облысында этнос өкілдері үшін «Қазақтану» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге, қазақ халқының салт-дәстүрін терең тануға жан-жақты қолдау жасалуда. Осы орайда, биыл Алғыс айту күні шеңберінде 17 аудан, қаладағы білім беру мекемелерінде, яғни мектептерде, колледждерде «Тарих ғибраты» тақырыбында 23 «дөңгелек үстел» және барлық аудан, қалаларда «Алғыс айту — парызым!» тақырыбында мектеп оқушыларының арасында мемлекеттік тілде эссе жазу байқауы және «Анамның әлдиі, әжемнің ертегісі» облыстық байқауы өткізілді.
Сондай-ақ өткен жылы «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына облыстан қатысқан жас таланттар жеңіс биігінен көрінді. Атап айтсақ, саурандық Дильноза Тоджимет «Өнерлі өрге жүзер» байқауында жеңімпаз атанса, түркістандық Шахсанам Рустамова «Жарқыра, жас дарын!» байқауында топ жарды, — деді ол.
Сонымен қатар, Түркістан облысында қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келеді. Облысымыздың барлық аудан, қалаларында тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Жалпы, этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары.
— Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтуы тиіс. Әлем таныған ел болу үшін мемлекеттік тілді биіктетуіміз керек. Бұл — біздің басты парызымыз, — дейді Елена.