Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтуларына, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауларына қолайлы уақыт. Осы ретте балалардың жазғы демалысының бесінші ауысымы басталды. Сайрам ауданында Шымкент қаласындағы Маятас ауылында орналасқан «Гавая» жазғы сауықтыру лагеріне ауданнан 100 бала демалуға жіберілді.
Оқушылардың жол қауіпсіздігін сақтай отырып, демалыс орнына орналастыру мақсатында аудандық білім бөлімінің қызметкерімен жеткізілді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен биылғы жылы жалпы 300 балаға тегін жолдама беріліп, қуаныш сыйлады. Олардың ішінде республикалық, облыстық олимпиада жеңімпаздары, спорт, өнер жарыстарының жүлдегерлері мен тағы басқалары бар.
Бұдан бөлек, қайырымдылық қорының демеушілігімен жаз маусымының 4 ауысымында Түлкібас ауданына қарасты Машат елді мекенінде орналасқан «Машат Арасан» жазғы сауықтыру лагерінде 200 оқушы тынығып қайтты.
Қазіргі таңда Арыс ауылдық округіне қарасты бөлімнің бағынысындағы №1 Оқушылар үйіне қарасты жазғы сауықтыру лагерінде төртінші ауысымына 314 бала қабылданды. Биылғы жылы 7 ауысымда 2198 баланы демалдыру жоспарланса, оның 1256-ы қамтылған.
Демалыс балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, өз денсаулықтарына жауапкершілігін нығайту, салауатты өмір дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Ауылдық жерлердегі оқушылардың жазғы лагерьлерде білім алуы мен мәдени дамуына барынша мүмкіндіктер қарастырылып, қажетті жағдай жасалған. Ал, тәлімгерлер тарапынан түрлі қызықты, танымдық бағдарламалар әзірленіп, таңғы сергітулер, жарыстар мен байқаулар, спорт ойындары ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, облыс бойынша 22 сауықтыру лагерлері қызмет көрсетеді. Оның 7-уі мемлекеттік, 15-і жекеменшік лагерлер.