Кентау қаласы аумағының су айдындарында келеңсіз жағдайлардың алдын алу шаралары жүргізілуде. Жалпы Кентау қаласында жазғы шомылу маусымы сәуір айынан басталуына байланысты су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілген. Қазіргі таңда соған байланысты тиісті жұмыстар қолға алынған. Айта кетейік, 2023 жылы шомылу маусымында суға бату жағдайлары орын алмады. Дегенмен, 2024 жыл басынан шомылу маусымының басталмағанына қарамастан, облыс аумағында 12 (осы уақытта 2023 ж. – 14 ) адамның суға кету фактісі тіркеліп отыр (Бәйдібек ауданында – 1 жағдай, Қазығұрт ауданында – 2 жағдай, Түлкібас ауданында – 1 жағдай, Жетісай ауданы – 1 жағдай, Келес ауданында – 1 жағдай, Сарыағаш ауданында – 2 жағдай, Түркістан қаласында 1 жағдай, Кентау қаласында 2 жағдай,Сауран ауданында 1 жағдай тіркелді). Оның 10-ы ата-аналардың қарауынсыз қалған жас балалар. Олар ішінде 2-6 жас аралығында 6 бала және мектеп жасында 2 бала бар.
Балалардың алтауы каналға, төртеуі үй ауласындағы шұңқырға (септик) түсіп, қайтыс болған.
Ағымдағы жылдың жазғы шомылу маусымында қайғылы жағдайлардың болдырмау мақсатында сала мамандары қала және оған қарасты ауылдардағы шомылатын орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы қала аумағында 2 су қоймасы бар. Аталған нысандар арнайы күзет жасақтармен күзетіледі. Су айдындарында суға шомылуға тиым салынған. Бұл бойынша арнайы белгілер орнатылған. Қала аумағында 11 жекеменшік шомылу орындары (бассейн) бар. Нысан иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында ешқайсысында құтқарушы қызметі ұйымдастырылмағандығы анықталды.
Сонымен қатар, қалалық орталық жүзу бассейнінде келушілерге қызмет көрсетілмейді. Тек мекеме спортшылары ғана жаттығады. Салдарынан жаз мезгілінде қала және ауыл жастары жекеменшік шомылу орындары мен рұқсат етілмеген су орындарында шомылуға мәжбүр.
Нақты мысалдарға жүгінер болсақ, Кентау-Туркестан бағытындағы автомобиль жолының бойындағы Қарашық өзенінің бойы, Уалиханов көшесіндегі суағар төкпесінен (штольня) шығатын үлкен арықтың бойы, Хантағы ауылының Сарыбас елді-мекеніндегі көпірдің тұсы, Хантағы өзенінің «Қаратау» қорығына баратын жолдың бойын айтуға болады. Аталған қауіпті аймақтар ауыл әкімдіктерінің учаскелік полиция инспекторлары мен жауапты мамандары тарапынан мүлдем қадағаланбайды.
«Казгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының болжамды жорамалы бойынша ағымдағы жылы ауа температурасы жоғары болады деп күтілуде. Сәйкесінше су айдындарында демалушылардың саны артатыны сөзсіз. Осыған байланысты өңірде суға кету жағдайларының алдын алу бағытында мынадай жұмыстар атқарылуда:
Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарда Кентау қаласының ТЖБ қызметкерлері №12 ӨСБ жеке құрамымен және ерікті жастармен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, «Суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбындағы жадынамаларды таратуда. Білім беру мекемелерінде мұғалімдер мен ата-аналардың, оқушылар мен студенттердің қатысуымен сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылып, ата-аналардың WhatsApp чаттарына балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау қажет екені туралы хабарламалар жіберілуде. Қантағы ауылындағы «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында, Қарнақ ауылында, Құшата елді мекенінде ауыл әкімдігі, полиция қызметі, волонтерлермен бірлесіп, су айдындарында келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында әр аптаныің сенбі күндері рейдтік шараларды жүргізуде. Сонымен қатар, қала тұрғындарына LED экраннан арқылы «суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде.
Кентау қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі С.Төлегенов одан бөлек «Қаратау» табиғи ұлттық қорығында суға шомылу маусымы, өрт қауіпті кезеңдері аяқталғанға дейін демалыс аймағына келушілер арасында қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын барынша күшейтілгенін айтады.
— Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне қалалық полиция бөлімімен бірлесіп қала аумағындағы жекеменшік шомылу орындарында (бассейн) қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау жөнінде кәсіпкерлерге қатаң ескертуді, кәсіпкерлер тарапынан шомылатын орындарда кемінде бір құтқарушы қызметін ұйымдастыруды, суға шомылу кезінде және өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау жөнінде тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды жүргізуді міндеттеп отырмыз. Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі,ауыл әкімдеріне ауыл әкімдіктерінің мамандарымен бірлесіп, қала және ауыл мешіттерінде, халық көп шоғырланған жерлерде дауыс зорайтқыш құралдар арқылы суға шомылу және өрт қауіпті кезеңдерінде қауіпсіздік ережелері туралы тұрғындарға хабарлама таратуды, қала және ауылдардағы жарнама маңдайшаларына, билбордтарға тақырыптық (суға шомылу, дала өрті) хабарламаларды ілуді, ерікті жастарды пайдалана отырып, суға шомылу орындарында келушілерге ескертпе парақшаларына таратуды, әлеуметтік желілерді барынша пайдалана отырып тұрғындарға хабарлама тарату қажеттігін айтудамыз.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қаладағы ауыл әкімдіктеріне ауылдардағы шомылуға рұқсат етілмеген орындарға (Кентау-Туркестан бағытындағы автомобиль жолының бойындағы Қарашық өзенінің бойы, Хантағы ауылының Сарыбас елді-мекеніндегі көпірдің тұсы, Хантағы өзенінің «Қаратау» қорығына баратын жолдың бойы,Қарнақ ауыландағы Ырмақ өзенің бойы т.б) арнайы белгілерді орнатуды, қалалық білім бөліміне мектеп оқушыларының ата-аналарына жазғы демалыс маусымында рұқсат етілмеген орындарда шомылмауды, ата-аналарының рұқсатынсыз көршілес аудандардың өзен-көлдеріне бармауды тапсырудамыз.
Сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп отырып, қала және ауылдардағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың мектеп жасындағы балдарын қалалық орталық жүзу бассейніне, қаладағы жекеменшік шомылу орындарында (бассейн) тегін жүзу үйірмелерін ұйымдастыру қажет, — дейді С.Төлегенов.