Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген. Осы жоба аясында Сарыағаш ауданында 10 мектеп салу жоспарланған. Осы орайда, аудан әкімі Арман Абдуллаев ауданға қарасты Дербісек және Жаскешу елді мекендерінде салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарының мән-жайымен танысты.
–Жауапкершілікпен құрылыс жұмыстарыне жүргізіңіздер. Ешқандай кемшілік, қателік болмауы, белгіленген уақытта құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Дербісек елді мекеніндегі 900 орындық мектеп ғимаратына кірпіш қалау жұмыстары толығымен аяқталып, спорт және акт залының фермасы қойылған. Бүгінгі таңда ішкі әрлеу жұмыстары басталды. Жалпы құрылыс алаңында 139 адам жұмыс істеуде. Жаскешу елді мекенінде бой көтеріп жатқан «Жайлы мектептің» интернет желісінің 966 метр полиэтилен құбырлары, бетон сақиналары қазылып қойылған.
Қазіргі таңға дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай келе аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді, сонымен қатар мерзімінде және сапалы аяқтау қажет екенін ескертті.
Одан соң аудан басшысы Сарыағаш қаласына қарасты Телемұнара шағын ауданында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдық желілермен қамту, инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстарына арнайы барып тексерді. Нысанда 48 метр ұзындықта су құбыры жалғау нүктесіне дейін бетон сақиналар қойылған. Сонымен қатар, нығыздалып көміліп, қосу нүктесіне қосылды. Газ полиэтилен 175 метр жерасты құбырлары орнатылып, жалғау нүктесіне жеткізілген. Сондай-ақ электр сымдары тартылып, қосу нүктесіне дейін қосылған. Мектеп ғимаратының А, Г және В блогтарында кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның іргетасының сыртқы топырағының нығыздау жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан басшысы жауапты мердігер мекеме өкіліне құрыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді, жұмысшыларды 100-ден асыруды, сонымен қатар жоспарға сәйкес сапалы аяқтау қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ жауапты бөлім басшысына жұмыс барысын баяндап отыруды тапсырды.
Келесі кезекте аудан әкімі А. Оспанов көшесінің бойындағы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 300 орындық білім ордасын аралап көрді.
Құрылыс жұмыстарын аралап көрген аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне жұмыс қарқынын жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, аудан әкімі жұмыс барысын арнайы өзі келіп қадағалап тұратынын айтты.