Сарыағаш ауданында биыл екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жартытөбе ауылдық округіндегі №35 Б. Гафуров атындағы білім ұясында және Дербісек ауылдық округінде орналасқан №22 Елшібек батыр атындағы мектепте ғимарат шатырын жабу, ішкі сылақтарын жүргізу, электр жүйелерін жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Бұған дейін ішкі сялақтары істелініп, электр жүйелерін жаңарту жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар, аталған білім беру ордаларының есіктері, едендері, шатырлары, жылу жүйелері ауыстырылады. Әжетхана мен қоршаулар жаңарады. Ішкі және сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жасалып, осы жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім ұяларында 40-тан аса адам жұмыс істеуде. Алайда мердігер жөндеу жұмыстарын кешіктіріп жатыр. Осы ретте аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа оқу жылына дайындық аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Жартытөбе ауылдық округінде орналасқан №35 Б.Гафуров атындағы жалпы білім беретін мектебінің сонымен қатар, Дербісек ауылдық округіндегі №22 Елшібек батыр атындағы жалпы білім беретін мектептеріне арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Мердігер мекеме мамандары өкілдерімен бірге ауданның білім бөлімінің басшысы Д. Ақатов аудан басшысына жөндеу жұмыстарын таныстырды. Білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған аудан әкімі күні бүгінге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарын саралады. Жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, жаңа оқу жылына дейін барлық шаруа мүлтіксіз орындалуы керектігін атап өтті.
–Біз үшін әр сәт қымбат. 2 апта алдын келгенімдегі жұмыс, әлі сол жұмыс тұр. Жоспарланған уақытта балалар мектепте білім алуы үшін жұмыс қарқынын күшейтіңіздер, атүсті жүріп жұмыс істеген соң сапа да оңбай қалмасын, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтіңіздер, – деген аудан әкімі білім бөлімінің басшысына ескерту жасады.