18 маусымында басталып, 24 маусымында Астана қаласында ұлттық мектеп лигасы аясында баскетболдан «Алтын доп» жарысы аяқталды.
Жарыстың мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
7-8-сынып оқушылары арасында өткен турнирге еліміздің барлық өңірінен 18 команда жиналды.
Түркістан облысының намысын қорғаған Сайрам ауданының білім бөлімінің №10 «Қарабұлақ» жалпы білім беретін мектебінің ұлдары қатысты.
Жарыс кезінде баскетболшылар жақсы дайындығының арқасында қарсыластарына күш танытып, доптың сақиналы тор қалтаға дөп салып, ұтымды голдарын көбейтті.
Дүбірлі доданың нәтижесімен Түркістан облысы І орынға, Атырау облысы ІІ орынға, Ақтөбе облысы ІІІ орынға тұрақтады.
Сонымен қоса, ұлттық мектеп лигасы аясында волейболдан «Шұбар доп» жарысы өтті. Еліміздің төрінде өткен турнирге ұл балалар арасында 7-8 сынып оқушылары қатысты. Түркістан облысынан Сайрам ауданының білім бөлімінің №89 «Қайнарбұлақ» жалпы білім беретін мектебінің оқушылары өзге өңір командаларымен жарысып, бақ сынасты.
Жарыс барысында жасөспірімдер тартысты ойын көрсетіп, жанкүйерлеріне тамаша көңіл-күй сыйлады.
Турнирдің қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы І орынға, Жетісу облысы ІІ орынға, Түркістан облысы ІІІ орынға тұрақтады.
Бұдан өзге, 18-24 маусым күндері Абай облысына қарасты Семей қаласында ұлттық мектеп лигасы аясында баскетболдан «Алтын доп» жарысы өз мәресіне жетті. 5-6-сынып оқушылары арасында өткен турнирге еліміздің барлық өңірінен 18 команда қатысты. Түркістан облысының намысын қорғаған аудандық білім бөлімінің «Далабазар» жалпы білім беретін мектебінің қыздары болды. Ойын барысында балалар жоғары дайындықтарын көрсетті. Ептілік пен шапшаңдықты қажет ететін сайыста ойыншылар қарсыластарына барынша күш танытты.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша Ақмола облысы І орынға, Павлодар облысы ІІ орынға, Түркістан облысы ІІІ орынға тұрақтады.