Жақында Иордания мемлекетінің астанасы Амман қаласында 17 жасқа дейінгі қыздар арасында күрестен Азия чемпионаты өтті. Аталмыш жарысқа Сайрам ауданынан қос қайсар қыз қатысты.
Сайрам ауданына қарасты Ынтымақ ауылының №24 М.Мақажанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы 2007 жылы дүниеге келген Зейнеп Эламас 69 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге қол жеткізді. Жаттықтырушы-ұстазы Қанат Раймқұловтың еселі еңбегі ақталды.
Сонымен қатар аталмыш бәсекеде Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылындағы №18 Ә.Құрмантаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы және Түркістан облысы дене шынықтыру спорт басқармасына бағынысты №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы, 2008 жылы туған Қадір Ақбота Ордабекқызы 73 келі салмақта қола медаль алды. Оның осы жеңісіне жаттықтырушысы Асқарбек Орынбасаровтың тынымсыз табандылығы ықпал етті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшыларымыз шаршы алаңда шебер белдесіп, жүлделі орындардан көрінді.
Сайрам ауданының қоржынына екі медаль түсті.
Жас спортшылар белдесуден тамаша өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.
Дүбірлі додаларда күшпен сынасқан балуандарымызды жеңістерімен құттықтаймыз! Еліміздің абыройын асқақтатып, көк туын желбірете беріңіздер!