Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудандық білім бөлімінің бас маманы С.Кошкинбаевамен бірге Арыс ауылдық округіндегі ауданның білім бөліміне бағынысты №1 Оқушылар үйіне қарасты жазғы сауықтыру лагеріне барды.
Биылғы жаз айының үшінші маусымда демалып жатқан келушілердің жағдайымен танысып, оларға бос уақыттарын тиімді пайдаланудың қажеттілігін айтты. Ал, балғынды балалық шақтағы балалар тәлімгерлеріне алғыстарын білдіріп, жақын достар тауып, олармен қызықты уақыттарын өткізіп жатқандарын жеткізді.
Осы ретте, демалыс орнының барлық бөлігін көрсетіп, жазғы маусымдағы жұмысын директоры В.Якупова түсіндірді.
Оның айтуынша, жазғы алаңдар әр баланың талантын ашуға және дамытуға көмектеседі және достарымен бірге сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі жеткіншектердің қызығушылығы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Күнделікті жоспар бойынша таңертеңгі флешмобтар, сергіту сәттері басталады. Тәлімгерлер балалардың демалысы көңілді, қуанышқа толы болуы үшін бар күш-жігерін аямай, әр күнге жоспарланған қызықты мерекелік, танымдық іс-шаралар өткізеді. Ашық аспан астында, жасыл табиғат аясында ән-би кештері, топтық-спорттық ойындар, түрлі тақырыптағы асфальт бетіне сурет салу байқаулары ұйымдастырылады. Кезекті тынығуға 314 бала қамтылған.
Демалушыларға жасалған жағдаймен танысқан соң, оқушылардың тамақтан уланудың алдын алу, сонымен бірге аумақта санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігін ескертті.
Айта кетейік, биыл облыста 35 мыңнан аса бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Жалпы жаз мегзілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагерьлері қызмет көрсетеді. Оның ішінде 7-уі мемлекеттік, 15-і жекеменшік.