Түркістан облысы, Арыс қаласында 30 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «QH Жаздық жолдама – 2024» қайырымдылық жобасы бойынша Арыс қаласынан 5-8-сынып аралығынан 50 оқушы, Шымкент қаласындағы Маятас ауылында орналасқан «Гавая» жазғы сауықтыру лагеріне демалуға жіберілді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған қайырымдылық шарасы оқуда үздік көрсеткіштерге ие (үлгерімі және пәндік олимпиадаларға, пікірталастарға қатысуы) және мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын 5-8-сынып оқушыларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған. Мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің өз денсаулықтарына жауапкершілігін нығайту, салауатты өмір дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту. Ауылдық жерлердегі оқушылардың жазғы лагерьлерде білім алуы мен мәдени дамуын қамтамасыз ету.
Бұдан бөлек Арыс қаласы бойынша 2010 баланы жазғы сауықтыру лагеріне жіберу жоспарланып, осы мақсатта биылғы жылдың 1 шілде күні арыстық балалар Кентау қаласындағы Қарнақ ауылындағы «URKER» жазғы сауықтыру лагеріне 150 оқушы аттанды. Сондай-ақ, жас ерекшеліктеріне қарай 3-10-сынып оқушылары, лагерьге қамтылды. Оқушылардың демалысын ойдағыдай өткізуге байланысты қызықты, мазмұнды бағдарлама әзірленген. Жоспарлы түрде түрлі спорттық сайыстар, кездесулер мен танымдық ойындар ұйымдастырылған.
Қазіргі таңда Кентау қаласындағы Қарнақ ауылындағы «URKER» жазғы сауықтыру лагерінде жалпы білім беру ұйымдарынан 400 оқушы демалып келген болатын. Тау бөктерінде орналасқан жазғы сауықтыру лагеріне барған оқушылардың жүздерінде күлкі, көңілдері көтеріңкі, қуанышты. Негізінен, жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы, тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Денсаулықты нығайтуға қолайлы жазғы күндерді дұрыс пайдалану және әрбір баланың денсаулығын түзеуге және шынықтыруға ұмтылу, тыныға жүріп, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды.
Арыс қалалық Білім бөлімінің басшысы Әшімхан Тілеуханұлы мен білім бөлімінің бас маманы Абдиазиз Сағатұлы «Түлкібас ауданы» Машат шатқалындағы «ОРБИТА» жазғы сауықтыру лагеріндегі демалып жүрген оқушылармен арнайы барып кездесті.
Лагерьде жасөспірім оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында танымдық әрекеттері мен интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, шығармашылыққа баулу, еңбекқорлық пен достыққа тәрбиелеу мақсатында қажетті жағдай жасалған. Оларда футбол, волейбол жəне баскетбол алаңдары, жаттығулар кешені, əткеншектер, кинотеатр, спорттық жəне мəдени шаралар өткізуге арналған жабық зал жəне жүзу бассейні бар. Жүздесу барысында бөлім басшысы балалардың демалыс орнын аралап, балалардың жататын орындарын, асханасын, медициналық бөлмені, кір жуатын және жуыну орындарын қарап және демалып жатқан балалардың жай күйімен танысып жағдайларын біліп, тілдесіп қайтты.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданы Машат шатқалындағы «ОРБИТА» жазғы сауықтыру лагеріне 150 оқушы демалуға жіберілді.