Жақында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында «ШАГ ВПЕРЁД» халықаралық би байқауы өтті. Аталған байқауға Қарақалпақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінен келген өнерпаздар бас сынасты. Халықаралық байқауға Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты №41 М.Оразалиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушыларынан құралған «Айгөлек» би тобы да қатысты.
Жарыста ұлттық нақышта киінген, ұлттық әуенде мың бұралып билеген, сахнаның сәніне айналған кішкентай арулар көрермендерін тәнті етті. Би додасы өз мәресіне жетіп, би мәнерімен көзге түскен бұрымды қыздар жүлделі І орынды иеленіп, кубокпен және дипломмен марапатталды. Шет елде өнер көрсеткен би тобының құрамында білім ұясының 5-сынып оқушысы Аралбек Іңкәр, 4-сынып оқушысы Алпысбай Таңнұр, 3-сынып оқушысы Алпысбай Айсезім және 2-сынып оқушысы Батырхан Дариға бар.
Айта кетелік, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылында орналасқан «Айгөлек» өнер үйірмесі өткен жылдың қыркүйек айында балалар үшін есігін айқара ашты. Басшысы – Азатова Айгүл Азатқызы. Бөлмелері қажетті жиһаздармен жабдықталып, музыкалық аспаптармен қамтылған. Домбыра, ұлттық би, эстрадалық вокал үйірмелері ашылып, тиісті мамандар қызмет көрсетуде.
Үйірме ашылған уақыттан бері өнерлі жастар қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, шығармашылық табыстарға қол жеткізіп жүр. Айталық, «Айгөлек» би тобы республикалық «Құс жолы» жасөспірімдер мен балалар арасында өткен байқауда бас жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік күніне орай, ұйымдастырылған «Жан жүрегім – Қазақстан» республикалық байқауының Гран-при жеңімпазы атанған. Ұлттық би үйірмесін хореограф Шырынбекова Мадина жүргізеді.