Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Асқар Қайназаров, аудандық мәслихаттың депутаты әрі төрағасы Медет Қасымов пен аудандық мәслихат депутаты Эльмира Темірбаева аталмыш оқу орнының биылғы бітіруші түлектеріне диплом тапсыру салтанатына қатысты.
–Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар мен жастарға арналған білім, кәсіпкерлік, медицина мен ауыл шаруашылығы салаларындағы мол мүмкіндіктердің шапағатына бөленіп жүрген сіздер өте бақытты жансыздар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қарашаңырақ білім ордасы талай таланттардың бағын ашып, білікті мамандарды түлетіп ұшырған. Ол азаматтар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Сіздер де колледж қабырғасында алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді еліміздің дамуы жолында сарп ететіндіктеріңізге сенімдімін, – деген аудан басшысы колледжді үздік бітірген түлектерге диплом табыстады.
Әлемдік ареналарға көтерілу үшін озық технологияларды еркін меңгеріп, алпауыт мемлекеттермен иық тіресетіндей сапалы білім алуға, ізденуге үндейтін аталмыш колледжде өткен оқу жылында 1340 студент 11 мамандық бойынша білім алса, 215-і өз мамандықтары бойынша диплом алатындар. Оның 26-сы үздіктер.
Шара барысында бітіруші түлектерге ақ жол тілеген халық қалаулылары диплом табыстау рәсіміне қатысты. Естелік суретке түсті.
–Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ордасына келіп, бітірушілерімізге диплом табыстау салтанатына қатысқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз және біздің түлектеріміз де өздеріңіздей ел басқару ісіне араласып, жарқын болашақ үшін аянбай еңбек ететіндеріне сенімдіміз. Өйткені, біздің оқу ордамызда оқыту процесі тек білім берумен ғана шектелмейді, тәрбие, салт-дәстүр, салауатты өмір салтын ұстану секілді құндылықтармен ұштастырылады, – деген колледж директоры Лаззат Баймағанова шәкірттерінің жеткен жетістіктерімен таныстырды.
Салтанатты кештің шырайын кіргізген білім ордасының студенттері мен ұстаздары әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі.
Айта кетейік, еліміздегі жастардың кең көлемде әлемдік стандарттарға сай сапалы білім алулары үшін толығымен жағдай жасалған білім ордаларының бірі, 59 жылдық тарихы бар Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде жылдан-жылға оқу базалары жаңартылып келеді. Ынталы, ізденімпаз, жаңашыл жастардың толыққанды маман иесі болып жетілуіне де барлық мүмкіндіктер қарастырылған.