Биылғы жылы Түркістан қаласындағы 33 жалпы білім беретін мектепті 2823 оқушы бітіріп, үлкен өмір сахнасына бағыт алды. Олардың ішінде мемлекеттік емтихандарын сәтті тапсырған 168 түлек «Алтын белгі» белгісіне, 171 түлек «Үздік аттестатқа» ие болып отыр. Бұл өткен жылғыдан едәуір жоғары көрсеткіш.
Түркістан қаласындағы барлық мектептерде түлектерге аттестаттарды тапсыру салтанатты шаралары өтіп, ұстаздар қауымы тағы бір буынға ізгі ниеттерін жолдап, мектеп табалдырығынан шығарып салды. М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шараға қатысқан Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова жас түлектерге ақ тілегін жолдап, мектеп бітіргендігі туралы аттестаттарын салтанатты түрде табыстады. Оқу жылындағы оқушылардың жеткен жетістіктерін тілге алған Оразкүл Шайхықызы мектеп мақтаныштарына айналған оқушылар өз таңдаған мамандықтары бойынша жоғары білім алып, еліміздің дамуына зор үлес қосатын маман болуларына тілектестігін білдірді.
Тағы бір оқу жылы артта қалып, жаңа бір буын үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Мектеп бітіруші түлектер мемлекеттік емтихандарын сәтті аяқтап, қолдарына аттестаттарын алды. Бұл – бала үшін өміріндегі естен шықпас ең маңызды сәт. Сондықтан да жас жеткіншектер бұл кезеңді лайықты атап өткісі келетіндігі ақиқат. Ересектер де жасөспірімдердің қуанышына ортақ болғанымен, олардың қауіпсіздігін бір сәт те естен шығармағаны абзал.
Айта кетейік, облыс бойынша 1052 мектепте 518 733 оқушы білім алады. 2023-2024 оқу жылында 32 306 оқушы 11-сыныпты бітірді. Оның ішінде 1727-сі «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер болса, 9-сыныпты 45 416 оқушы бітіреді деп күтілуде. Соның ішінде «Үздік атестатқа» – 4540 үміткерлер бар. Жалпы ҰБТ-ға 27 340 оқушы қатыспақ.