Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында оқушыларға білім алғанын куәландыратын құжаттар табысталды. Мектеп директорлары бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Ал түлектер ұстаздарына алғыс айтып, білім алған алтын ұяларымен қимай қоштасты.
2023-2024 оқу жылында Түркістан облысы бойынша мектепті 31210 оқушы бітіріп, 27 340 Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынауда. Түркістан облысында биыл 45713 оқушы 9 сыныпты бітіріп, бәріне аттестат берілді. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 4367 оқушы қол жеткізді. Ал, 11 сыныпты 31210 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылды. Осылайша 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 9,11 сынып түлектерін қосқанда 77 мыңға жуық оқушыға аттестат табысталды.
Одан бөлек, Түркістан облысында 11 жыл үздік оқыған түлектерге өздері оқыған білім ордасында «Алтын белгі» табысталды. 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 1704 түлек «Алтын белгі» иесі атанды. Сондай-ақ, 2400 оқушы «Үздік аттестат» алды.
Айта кетейік, биыл мемлекеттік қорытынды емтихан 9-сынып оқушылары үшін 29 мамырдан бастап 10 маусым аралығында жүргізілді. Ал, 11-сынып оқушылары 28 мамырдан 11 маусым аралығында қорытынды емтихандарын тапсырды.