Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында өскелең ұрпақтың өнертапқыштық қасиетін ашып, дарынды жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Президент: «Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды.
Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн», – деген болатын.
Президент атап өткендей, жас таланттарды қолдап, шығармашылығын шыңдау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық техникалық шығармашылық және өнертапқыштық жарысы өтті.
Жарыстың мақсаты – Қазақстандағы балалар арасында техникалық шығармашылықты дамыту, жеке тұлғаның бәсекеге қабілетті артықшылықтарын, шығармашылық құзыреттілігін және кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру үшін жағдай жасау.
Сайыс қорытындысы бойынша Түркістан қаласы, Төле би атындағы 19 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Бодаухан Ерсайын, «Радиомен басқарылатын көлік модельдері» аталымы бойынша ІІ орын алды. Жетекшісі – информатика пәні мұғалімі Сырым Қожамұратов.
Түлкібас ауданы, Састөбе ауылы, А.Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5-сынып оқушысы Мұхтар Дінмұхамет, «Зымыран модельдері» бойынша ІІ орынды иеленді. Жетекшісі информатика пәні мұғалімі Ринат Байтасов.
Арыс қаласы, Қабылсай атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Райымбек Нұрасыл, «Автотрассалық модельдер» жарысы бойынша ІІІ орынды қанағат тұтты. Жетекшісі көркем еңбек пәні мұғалімі Ербол Жақсылықұлы.
Аталған жеңімпаздардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталса, ал қалған барлық қатысушыларға сертификат табысталды. Жарысқа қатысушыларды іріктеп, ұйымдастырып, жетекшілік жасаған «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» КММ директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары Бекбол Досболғанов.