13-22 мамыр аралығында «Оқытушылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және жасанды интеллектіні интеграциялауға бағытталған қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» тақырыбында республикалық онлайн-семинар өтті.
Оқытушыларға жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, заманауи әдіс-тәсілдер арқылы тіл үйрету, біліктіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға еліміздің барлық аймақтарынан 100-ден аса тіл маманы қатысты.
Әдістемелік шарада жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мәселесімен қатар тіл үйрену үдерісіне жаңа леп беретін жүйе мүмкіндіктері, педагогтің жеке тұлғалық болмысы, адами құндылықтарды игеруінен бастап, тіл үйренушінің білім диапазонын анықтауға дейінгі кәсіби жолы сөз болды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к. Бақыт Айтпаева, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Астана қаласындағы филиалы – «Білім беру бағдарламалары» орталығының аға менеджері Алтынгүл Хасенова және осы білім ордасының қызметкері Нұрлыгүл Дәулеткереева, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к Гүлназ Төкенова мен аталған ұйымның ғылыми қызметкері, PhD Ләйлә Демесінова семинар бағдарламасы аясында тыңдаушылармен құнды ақпараттарымен бөлісіп, авторлық әдістемелерімен таныстырды.
Онлайн басқосу барысында тіл мамандары өзара тәжірибе алмасып, арнайы тапсырмалар орындады.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов сегіз күнге созылған семинар жұмысын қорытындылай келе «тіл үйретуде заманға сай түрлі қосымшаларды, цифрлық білім беру ресурстарын, онлайн платформаларды тиімді пайдаланып, оқытудың гибридті түрлерін меңгерудің маңызы зор. Сол себепті осындай практикалық шараларды жиі өткізіп, оқытушылар мен әдіскерлердің кәсіби біліктіліктерін арттырып отыру қажет» деп, спикерлер мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Барлық тыңдаушыға 72 сағаттық біліктілік арттыру курсына қатысқандығын растайтын сертификат табысталды.