Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов негізгі ҰБТ-2024 басталуына орай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясына қатысты.
Қазіргі таңда 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 24,9%-ы орыс тілінде, 221 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Атап өтсек, талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді. Комбинацияларға келетін болсақ, қазіргі таңда талапкерлердің 16%-ы «Математика-Физика», 16%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 11%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.
Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады, ал көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді.
Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы беріледі.
«Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында осыған дейін әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Яғни, әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Білім беру орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылған тегін онлайн сабақтар жалғасуда. Ал оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Осылайша, талапкерлер ҰБТ-ға дайындығын жақсарта алады», — деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов.
Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет.
Тестілеу барысында аудиторияның және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.
2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.