Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары Кентау қаласына қарасты ауылдарда биыл сәуір айында қарқын алады. Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес, осы жылы егістік көлемін 2500 гектарға орналастыру жоспарланып отыр.
Оның ішінде тиісті гектарларға күздік бидай, жаздық бидай, жүгері, бұршақ, мақсары, күнбағыс, көкөніс-бақш, картоп және мал азығы дақылдары егілетін болады. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы аграрлық аймақ болғандықтан, мемлекет қолдауының нәтижесінде өңірде жыл сайын егістік көлемін арттыруға мүмкіндік туып тұр. Сонымен қатар, Қарнақ ауылында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында дәнді дақылдар, көкөніс-бақша, картоп және мал азықтық дақылдардың да көлемін арттыру көзделуде. Негізінен Кентау қаласы қысқы мезгілде жеміс-жидек мәселесінде Түркістан облысының басқа аудандарына көбірек тәуелді. Яғни, жеміс-жидектер өзге аудандардан тасымалданады. Осындай қажеттіліктерді болдырмау үшін жылыжай шаруашылығын әртараптандыру қолға алынып отыр.
Ал, Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Асылханның берген мәліметтері бойынша ағымдағы жылдың өніміне жалпы күздік дақылдар екі жарым мың гектарға орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 250 гектар жерге күздік бидай егілген. Сонымен қатар, егістіктің сапасын арттыру үшін техникалардың да сапалылығы маңызды. Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Айдарханұлы көктемгі егіс-дала науқанына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары ауылдарда жұмыс жоспарларына сәйкес жүргізілуде екенін жеткізді. Жалпы, қала бойынша биылғы жылы барлығы 52 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген екен. Және тракторлардың барлығы көктемгі егіс дала жұмыстарын жүргізуге дайын.
Сонымен қатар, егістік алқабының қашыртқыларды, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары да жасалуда. Кентау қаласы бойынша су үнемдеу технологиясын пайдаланып тамшылатып суғару жүйесін орнату арқылы егістік алқапты суаруда біршама жұмыстар жүргізуде. Жыл сайынғы берілген тапсырмаларға сәйкес тамшылатып суару әдісін ендіру ұлғайып келеді. Осыған байланысты, гидрологиялық және жер асты суының жағдайын ескере отырып, су үнемдеу технологияларын ендіру егін шаруашылығында тиімді әдіс болып саналады. Суарудың су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыра отырып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Ал 2023 жылы Қарнақ ауылында 80 гектарға егіс алқаптарында тамшылатып суғару әдісін пайдаланған. Осы әдісті қолдану арқылы суды 2 есе үнемдеп отыр. Ал осы жылғы көктемгі дала жұмыстарына 100 гектар алқапқа тамшылатып суғару әдісін енгізу жоспарлануда. Бөлім басшысының айтуына қарағанда өндіріске заманауи ылғал үнемдеуші технологияны және тиісті тыңайтқыштарды беріп, топырақ құнарлылығын арттыру арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін ұлғайтуға мүмкіндік мол екен.
— Былтыр қалаға қарасты Қарнақ ауылының шарусы Азизхан Егембердиев тамшылатып суару арқылы қауын өсірді. Яғни, егістікті ағын сумен суармай-ақ, мол өнім жинауға болатынын көрсетті. Оңтүстіктегі 45-50 градус ыстықта ағын су ішпеген қауындар дәмді әрі үлкен болып өсті. Бұл тәсілді ата-бабаларымыз бұрын да қолданған. Жылдан-жылға ағын су мәселесі күрделеніп келеді. Сондықтан бұрынғы ата-бабаларымыздың үйреткен тәжірибесін қолданудамыз. Көктемнің алғашқы айларында суармалы су ешкімге керек емес кездер болады. Азизхан Егембердиев ақпан айының басында егістік алқабтарын әбден суарып, су сіңдіріп алған. Содан көктемде қауын екті. Шілде айындағы ыстықта да су берген жоқ. Қауындар 120 күн су ішпеді. Нәтижесінде қауындары жақсы өнім берді. Өткен жылы 4 гектарына қауын, 1 гектарына қарбыз еккен. Нәпақасын жер-анадан іздеген шаруа жинаған өнімін жергілікті жерде саудаға шығарды. Осы тәсілді кез келген қауынның сортына пайдалана беруге болады. Тек жер тың болуы қажет. Енді шаруа осы жылы егістік алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Біздің қаламызда шаруа қожалықтары өз өнімдерінен мол табыс тауып жатса нұр үстіне нұр болары анық, — дейді Самат Асылхан.
Көктемгі дала жұмыстарына ел Үкіметі тарапынан Түркістан облысына екі мың тоннаға жуық кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Бүгінге күні Кентау қаласы бойынша операторлар белгіленіп, опереторлар тарапынан мұнай өңдейтін зауыттарға қаражат аударылған. Нәтижесінде ауыл шаруаларына дизель отынын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ 195 тонна жанар-жағармай отыны ауыл шаруашылығы саласының тауар өндірушілеріне таратылған. Бүгінде өңірде егіс дала жұмыстарын одан әрі жандандыруға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған басқа да көмек көп. Мәселен, наурыз айында облыс шаруашылықтарына арзандатылған дизель отынының 1 литрі 258 теңге көлемінде таратылатын болатын. Осыған орай, операторлар қайталап мұнай өнімдерін өндіретін компанияларымен келісім шарт жасасуда. Сол сияқты күздегі жаздық дақылдарға сүдігер айдау және сүр көтеру жұмыстары қалаға қарасты ауылдар бойынша екі жарым мың гектарға жоспарланған. Бүгінде 1600 гектар алқап нақты айдалған. Оның ішінде жаздық бидайға, жүгері дәнге, бұошақ, күнбағыс, мақсары, көкөніс-бақша дақылдарына және өзге де өнім түрлеріне ерекше мән берілген. Бүгінде өңірдегі ауа-райының құбылып тұрғанына қарамастан, ауылдықтар да көктемгі егіс дала жұмыстарына кірісіп кетті. Ал, шаруалардың еңбегінің нәтижесін уақыттың өзі көрсетеді. Ең бастысы еңбек етуге барлық мүмкіндік бар.
Раушан Нарбек