Жетісай ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан білім беру нысандарын ауданға арнайы ат басын бұрған БАҚ өкілдері жұмыс барысымен танысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Жетісай ауданында «Жайлы мектеп» жобасымен Жетісай ауданында 6 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылы Жетісай қаласынан 1 500 орындық, Асықата кентінен 900 орындық және Ақниет елді мекенінен 600 орындық мектептердің құрылысы басталған болатын. Ал, биылғы жылы Жетісай қаласынан 900 орындық, Қызылтаң елді мекенінен 600 орындық және Қызылқұм елді мекенінен 600 орындық білім ошақтарының құрылысы қарқын алды. Аталған мектептер 2025 жылы қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр.
Пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектептерде оқушылардың сапалы білім алуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалмақ.
Бұдан бөлек, Жетісай ауданында жаңа оқу жылына 5 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 1 мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында облыста 49 мың оқушыға арналған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биылдың өзінде 23 мың орынға шақталған ғимарат қолданысқа беріледі. 2025 жылы тағы 34 мектеп тапсырылмақ. Нәтижесінде апатты деп танылған 3 мектептің және үш ауысымды 2 мектептің мәселесі шешілетін болады.
Жалпы өңірде 2019-2024 жылдар аралығында 55 мыңнан астам оқушыға арналған 184 мектеп салынбақ.