Түркістан облысы, Шардара ауданы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында «Оптимальные методы при работе с текстом на уроках русского языка и литературы» тақырыбындағы жоба бойынша тәжірибелік семинар өтті.
Тәжірибелік семинардың мақсаты – жобаға қатысушы серіктес мектептердің дайындаған презентацияларын қорғау, шебер-сыныптар өткізу, жоба бойынша атқарылған жұмыстарды талдау, бағалау.
Семинардың бірінші бөлімінде аудандық білім бөлімінің әдіскері Жаутикова Қалбибі Жусиповна жобаның бағдарламасымен, оның тақырыбы, мақсаттары, құрылымы,күтілетін нәтижелері туралы презентация жасап, атқарылған жұмыстармен таныстырды. 2024 жылы қаңтар айында жоба жоспары жасалып, осы жобаны іске асыру мақсатында шығармашылық зерттеу тобы құрылды. Топтың құрамына аудан мектептерінің біліктілігі жоғары, тәжірибелі мұғалімдер кіргізілді.
Жобаның бағдарламасына сәйкес оқылым дағдысының бөлімшелері жоба қатысушыларына бөліп берілді. Әр қатысушы өз бөлімшесінің мақсаттары бойынша 5- 9-сыныптар арасында әдістемелік-дидактикалық материалдар жинақтап, қойылған мақсаттарға жету үшін тиімді әдіс- тәсілдер мен цифрлық технологияларды қолданып шебер-сыныптар өткізді.
Семинар барысында жобаға қатысушы мұғалімдер жобаның мақсаттары, іске асыру жолдары, қолданатын әдіс-тәсілдер туралы презентациялырын қорғап шықты.
Семинардың практикалық бөлімінде жоба қатысушылары шебер-сыныптар өткізді. Ш.Уалиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі, жоба қатысушысы Ақбота Сейдалиева 9-сынып оқушыларымен К.Паустовскийдің «Телеграмма» әңгімесі бойынша сабақ барысында негізгі, қосымша және жасырын ақпаратты анықтау мақсатында «Learningapps» платформасын пайдаланды.
С.Каттебеков атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі, жоба қатысушысы Қызболған Омарованың 8-сынып оқушыларына өткізген сабағында «Идеялар қоржыны» стратегиясын, «Кім? Не? Қайда? Қашан? Не істеді? Не үшін?», «Шеңбер бойынша оқу» әдісін қолданды.
Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ләззат Елшібаеваның өткізген сабағы оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамытуға, әртүрлі дерек көздерінен алынған ақпаратты талдай білуге бағытталды.
Мұғалім оқушыларға мәтін бойынша проблемалық сұрақтар құрастыруға үйретіп, ойларын, түсініктерін, болжамдарын ортаға салып, әртүрлі сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік берді. Оқу мақсатына жету үшін ол «Айқасқан сұрақтар», «Блум текшесі» стратегиясын, сондай-ақ «Magicschool.ai» платформасы арқылы оқушылардың сыни ойлауын және функционалдық сауаттылығын дамыту үшін оқытудың заманауи әдістерін тиімді пайдаланды.
«Сырдария» жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Фарида Ермекбаева 7-сыныпта «Слепой музыкант» тақырыбында өткізген сабағында «Аялдама бойынша оқу», «Тарих тауы», «Венн диаграммасы» әдістерін тиімді қолданылды. Бұл стратегиялар оқушыларды мәтінмен белсенді араласуға және талдау дағдыларын дамытуға ынталандырды.
«Жаушықұм» мектеп-лицейінің мұғалімі Ләззат Рустемова 7-сыныпта өткізген сабағында оқушылардың белсенді қатысуына және мәтінді оқу, талдау және талқылау дағдыларын жетілдіруге бағытталған «Чтение по цепочке», «Коробка вопросов», «Фишбоун» және «Дополнение» стратегияларын тиімді пайдаланды. Қ.Сағырбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Алтынай Көшкинованың 6-сыныпта «Семь чудес света» тақырыбында өткізген сабағы оқушылардың ақпаратты іздеу, талдау және салыстыру дағдыларын дамытуға бағытталды. Сабақ барысында мұғалім «Прогулка по галлерее», «Ассоциативный куст» стратегияларын қолданды.
Семинар бағдарламасы QR арқылы жасалып. Оған барлық сабақтардың жоспарлары, жобаның таныстырылымдары, бейнесабақтар енгізілді. Осылайша жоба қатысушылары жоба бойынша әзірлеген жұмыстарын семинарға келген әріптестеріне электрондық форматта тарқатты.
Семинарға қатысқан мұғалімдер Жоба аясында өткізілген презентациялар мен шеберлік сабақтарына жоғары баға беріп, жобаның орыс тілі мен әдебиет пәні бойынша оқыту сапасын арттыруға, оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға оң нәтижесін беретіндігі туралы ой пікірлерін айтып, жоба қатысушыларына алғыстарын білдірді.
Жалпы жобаның мақсаты – орыс тілі мен әдебиет пәнінен білім сапасын арттыру мақсатында мәтінмен жұмыс жасаудағы оқылым дағдыларының оқу мақсаттарын жүзеге асыру; орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің орыс тілі пәні бойынша білім сапасын арттырудағы кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Жобаның қажеттілігі «Орыс тілі мен әдебиет» пәнінің оқу бағдарламасында көрсетілген оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға ықпал ететін әртүрлі деңгейдегі тілдік құралдар жұйесін қалыптастыру мақсатынан негізделіп алынған.