«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының бастамасымен Астана қаласында «Жарқын болашақ» олимпиадасының республикалық кезеңі өтті.
Олимпиаданың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, халқымыздың мәдени, әдеби және басқа да рухани қазынасын кеңінен насихаттау, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін дамыту, олардың мәдени дүниетанымын кеңейту.
Қазақ тілінде және өзге тілде білім алып жүрген 7–11-сынып оқушыларына арналған аталмыш олимпиаданың қорытынды кезеңінде Төлеби ауданындағы әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбын бітіруші Малика Садырбаева қатысып, бақ сынады. Ол – «Жас қаламгер» бағыты бойынша ІІ орыннан көрініп, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің (журналистика факультеті) грантына ие болды. Мұғалімі – Сәуле Адишева.
Айта кетерлігі, биыл Қостанай қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ақтық кезеңі өтіп, Малика Садырбаева орыс мектептеріне арналған қазақ тілі пәні бойынша ІІ орын иегері атанған болатын.