Манкент ауылдық округіне қарасты мектептердің жанындағы үш бірдей лагерьде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындарын насихаттау күні аталып өтті.
Аудандық білім бөліміне қарасты №45 «1 Май» жалпы білім беретін мектепте «Таңғы жаттығу» флешмобынан басталып, дәлізінде тоғызқұмалақ пен арқан тарту ойындарымен жалғасты.
Мектеп жанындағы «Күн шуақ» атты лагерьдің кіреберісінен оқу бөлмелерінің ішіне дейін көрнекі құралдар мен ойыншықтармен безендірілгені ерекше көзге түсті.
Оқушылар үшін балалар әлемі жасалғандай сезілді. Әрбір сынып бөлмесінде 20-ға жуық баламен қызықты, танымдық сағаттары өтті. Айталық, бірінші сынып бөлмесінде «Тақия тастамақ» ойнаса, ал келесі сыныпта ұлттық нақыштағы төсеніштер мен көрпешелерге жайғасқан балалар қазақтың мақал-мәтелдері мен ертегі кейіпкерлерін айтудан жарысты. Ал, бір топ бала спортқа бет бұрып, қол күрес секілді бірнеше ұлттық ойындарды ойнады.
Осындай іс-шаралардың легі №11 Манкент атындағы жалпы білім беретін мекемесінде ұйымдастырылды. Мектептің ауласында ашық киіз үй, қолөнер көрмесі орнатылған. Ұстаздар мен балалар ұлттық киімдерімен келді. Ашық аспан астында өнерпаздар «Қара жорға» мен өзбек халқының ұлттық билерін орындады.
Концерттік бағдарламаның барысында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Гүлнәр Нұртанова балаларды демалысты жақсы өткізіп, жаңа оқу жылына күш жинап, жоғары дайындықпен келуге шақырды.
Жайылған ақ дастархан үсті толтырылған бауырсақ, тәтті нандар, көже, қымыз секілді ұлттық тағамдар мен оюмен өрнектелген астау ыдыстары таныстырылды.
Көңілді сәтте ұлттық ойындарға қатысуға балалар ыстық ықыласын бөлді.
Соңында жүйрік ат жеті қазынаның бірі болып саналатындықтан, аттардың жүріп өтуі де тамашаланды.
Мұнан кейін, Айша бибі атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылармен ұлттық ойындар мен футбол өтті.
Пән мұғалімдері демалушыларға салауатты өмір салтын ұстануды, қазақ халқының дәстүрінің құндылықтарын меңгерте отырып, олардың танымдық әрекеттері мен белсенділіктерін арттырды.
Жалпы 2024 жылдың жаз кезінде балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында 98 мектептің жанынан 1-4-сынып оқушыларына арналған мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылды. Мектеп жанындағы лагерьлер мамыр айының 27-нен бастап, 28 маусым аралығында 3 ауысыммен 10 күннен, түске дейін жұмыс істейді.
Жаз айларында балалардың бақылаусыз қалуының, құқықбұзушылықтың, қылмыстың алдын алу, олардың қауіпсіздігі мен шығармашылық дамуын қамтамасыз ету мәселесі қолға алынған. Осы орайда, оқушылардың ән, би, қолөнер, спорт деген қызығушылығына қарай, «Балалар саз мектебіндегі» үйірмелерге қатыстыру, сонымен қатар туған елдің табиғатымен танысуға, біркүндік туристік жорықтар мен экскурсияларға, облыстың киелі жерлеріне, театр мен кинотеатрларға алып бару ұйымдастырылады.
Айта кетейік, бұл күн тарихи-танымдықтан бөлек, өнер мен спортпен де жақындастырды.