Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады.
Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов тұрғындарды құттықтап, балаларға жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.
— Жазғы демалыста осы лагердің іске қосылғаны біз үшін де, балалрымыз үшін де қуанышты жағдай. Енді балаларымыз жазғы уақыттарын ата-анасынан жырақта емес, жақын маңайдағы табиғаты керемет лагерде демалатын болады. Демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік болады. Осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді қала әкімінің орынбасары.
«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Жалпы аумағы — 20 гектар. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлап отыр.