Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы коммуналдық салада еңбек ететін 200-дей жұмысшыға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда қыстың суығына, жаздың аптап ыстығына қарамастан қала тазалығына, көгалдандыру және абаттандыру саласында үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан жұмысшылардың еңбектері еленді.
Жиынға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов, «Amanat» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров еңбегіне адал нағыз еңбек адамдарын тынымсыз еңбектеріне тоқталып, алғысын жеткізді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан болатын. Осы тұрғы да біздің өздеріңізге деген құрметіміз шексіз. Сіздер әрдайым жүктелген еңбекті адал атқарып, қаланың тазалығына, көгалдануына, абаттандыруына айрықша үлестеріңізді қосып келесіздер. Осы еселі еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін» деді қала әкімі.
Қаладағы коммуналдық салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан бірқатар жұмысшылар «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және қала әкімінің «Алғыс хатымен» сонымен қатар қалалық маслихат төрағасының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Одан бөлек, әрбір жұмысшыға әзірленген сыйлықтар үйлестіріліп таратылды. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар қаланы дамытуға бар күш-жігерін салары анық. Өз еңбегіне адал осындай жандардан өскелең ұрпақ үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек.