Бүгін Кентау қаласына жұмыс сапарымен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев және облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Кузембаев келді.
Алдымен қаладағы жастарға білім беру жолында жетістігі мол орта білім ордасы Кентау гуманитарлық-техникалық колледжінің жұмыс барысымен танысты. Колледж құрылтайшысы Ү.Рахмет білім ғимаратымен таныстырып колледждің бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстарымен және алдағы жоспары жайында баяндап өтті.
15 жылдық тарихы бар колледж 10 мамандық ойынша білім беруде. Бүгінде колледжде 845 білім алушы оқиды. Оның ішінде 557 студент мемлекеттік грантпен және 288 студент ақылы түрде білім алады.
Мәлік Нұржанұлы сапары барысында қаланың білімді, белсенді жастарымен кездесті. Кездесу қалалық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткізілді.
Жиынды қала әкімі Жандос Тасов жүргізіп, жастарға келген қонаққа өз ойларымен бөлісіп, ой-пікір алмасуды ұсынды.
Елдің жарқын болашағы білімді жастар. Мемлекетіміздің даму жолында білікті жастардың қосар үлесі мол екенін атап, Президенттің ұдайы жастарға ерекше назар аударатыны жайында сөз етті. Сондай-ақ, жұмыс сапарындағы басты мақсат ҚР Президентінің қатысуымен наурызда өткен Ұлттық құрылтайда аталған өзекті мәселелерге тоқталды.
«Ұлттық құндылығымызды дәріптеу тарихтан бастау алады. Киелі Түркістан қаласына ең жақын орналасқан Кентау қаласының жері де, тұрғындары да ерекше. Табиғаты көркем қалада туылған жердің қадірін біліп, әлеуетін көтеру жолында еңбек етуге, білім жолында шыңдалуға шақырамын», деді жастарға.
Еркін форматта өткен кездесуде қаланың жастары өз ұсыныс –пікірлерін ортаға салып, қажетті жауаптарын алды. Жастармен жүздесу қала әкімдігінің ғимаратында имамдармен кездесуге ұласты.
Кездесуде Мәлік Отарбаев елімізде орын алған жағдайларға тоқталып, ішкі және сыртқы тұрақтылықты сақтауда имамдардың үлесі барын атап өтті
Мәлік Нұржанұлы Президенттің құрылтайда айтқан ұлттық бірегейлікті сақтаудағы ойларымен бөлісті. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсуде Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.
Халықпен өткен әрбір кездесуде ұлттық құныдылықпен қатар, мемлекеттік құндылықтарды көтеру, тарихымыздағы ұлы тұлғалардың еңбек жолдары мен ел үшін жасаған ерліктерін, батырлығын, даналығын дәріптеу қажеттігін ұсынды.
Жиын соңында «Кентау — қаймағы бұзылмаған өңір. Өз алдына дәстүрі мен мәдениеті сақталған ерекше қала. Қаланың ішкі тазалығын сақтауда, әлеуметін көтеруде әрбіріңіздің қосар үлесіңіз айрықша. Осы жолда жастарға көркем мінезді болу, тарихымыздағы тұлғаларды ұдайы насихаттауда дұрыс бағыт-бағдар беруде аға буынның ықпалы зор. Сондай-ақ елімізде су алған аймақтарға Кентау қаласыныңда қолдау көрсетуі қаланың ынтымағы мен бірлігін көрсетеді» деді Мәлік Отарбаев.